Шығыс Қазақстанда футзалдан әуесқой командалар арасындағы облыстың және Өскемен қаласының XV чемпионаты тәмамдалды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл жолғы чемпионатта өңіріміздің аудан, қалаларынан құрама командалар, оның ішінде спорт ардагерлері де өнер көрсетті.
Жалпы, аталмыш біріншілікте қатысушылар деңгейі мен көрсеткен нәтижелеріне қарай алты лигаға: төртінші, үшінші, екінші, бірінші, жоғары және суперлига болып бөлініп бақ сынады. Жүлдеге жиыны 70-тей команда таласты.
– Наурыз айының екінші онкүндігінде бізде әуесқой футбол командалары арасында өткізілген футзалдан кезекті маусым өз мәресіне жетті. Жалпы, биылғы чемпионаттың бір ерекшелігі – жеңімпаз командалардың соңғы сәтте, яғни соңғы ойындарда ғана анықталуы болды. Командалардың жинаған ұпай санында тым алшақтық болған жоқ, – дейді облыстық футбол ассоциациясының атқарушы директоры Оралбек Әділханов.
Биылғы маусым екінші лига командаларының ойынымен аяқталғанын алға тартқан ол кубок ойындары да өз мәресіне жеткенін айтты. Облыс кубогын сарапқа салған бәсекеде барлығы 42 ұжым қатысты. Бірінші орынды Семейден келген «BARQY» командасы жеңіп алып, кубок иегері атанды. Финалда бұл команда тағы бір семейлік ұжым «Достарды» жеңген болатын.
Осы орайда кубоктық ойындардың жартылай финалына дейін жеткен өскемендік «KGC» футзалшыларының өнерін атап өткен абзал. Бұл команда сапында негізінен орта жасқа келіп қалған ойыншылар басым. Мол тәжірибе мен шеберліктерінің арқасында жасындай жарқылдаған жастармен терезесі тең дәрежеде ойын көрсете білді.
– Жыл сайын қазан айының ортасына қарай жазғы чемпионатты аяқтап, қараша айының басында қысқы маусымды бастап кететін дәстүріміз бұзылған емес. Жарысқа қатысатын 70 команданың 80 пайызы тұрақты командалар. Қалған 20 пайызы келіп, бір-екі маусым ойнап кетіп қалып жататын командалар. Бұл қаражатқа келіп тірелетін мәселе емес. Өйткені шығындар айтарлықтай көп емес. Басты мәселе – ойыншыларда. Мысалы кейбір командаларда түрлі жағдайларға байланысты ойыншылар саны азайып қалып жатады. Міне осындай кезде олар кезекті чемпионатқа қатыса алмай қалады, – дейді Оралбек Әділханов.
Енді биылғы чемпионатта әр лигада үздіктер қатарында көрінген ойыншыларға тоқталып өтсек. Естеріңізде болса, біз бұған дейін суперлига командалары мен ойыншылары жайында жазған едік. Ол кезде суперлигада ойнаған 11 команданың үздіктері анықталып, үшінші орынды өскемендік «Altay Champions» иеленсе, екінші орынға «Кеден» табан тіреген болатын. Ал бірінші орынды бұған дейін де үздіктер қатарында көрініп жүрген «Востокцветмет» компаниясының «ВЦМ Марқакөл» командасы алды. Жарыста гол соғып, шеберлік танытқан шабуылшылар мен қақпасын қалтқысыз күзеткен қақпашылардың да еңбектері бағаланып, үздіктер анықталды. «Үздік сұрмерген» аталымын «ВЦМ Марқакөл» командасының ойыншысы Дәулет Нұрасылов иеленсе, «Altay Champions» қақпашысы Мәди Шарбатханов «Үздік қақпашы» атанды. «Кеден» командасының ойыншысы Александр Брагин «Үздік қорғаушы», ал Дидар Манапов «Үздік шабуылшы» атағына ие болған еді.
Өткен аптада мәресіне жеткен ХV чемпионаттың жоғары лигасында ерекше өнер көрсеткен «Динамо» командасының қақпашысы Санат Маршалов үздік қақпашы ретінде танылса, «ФЦ Алтай-2005» командасының ойыншысы Ерасыл Тоқтарбек «Үздік қорғаушы», ал «Райгаз Үржар» командасының екі бірдей ойыншысы Мохаммед Жақсылық пен Рүстем Асылханов «Үздік шабуылшы» және «Үздік сұрмерген» номинацияларын иеленді.
Бірінші лигада «ДЮСШ-1» командасының қақпашысы Илья Калюжный «Үздік қақпашы», шемонайхалық «Жұлдыз» командасының ойыншысы Александр Цагаанбаатарын «Үздік қорғаушы», белоусовкалық «Дим-строй Алтай» командасының ойыншылары Артем Шестаков пен Андрей Милль «Үздік шабуылшы» және «Үздік сұрмерген» аталымдарына лайық деп танылды.
Ал екінші лигада «Қарой» командасының ойыншысы Олжас Төлебаев «Үздік қақпашы» атанса, риддерлік «Достықтың» ойыншысы Дейдар Жақанов «Үздік шабуылшы» болды. Бұдан бөлек, «KGC» командасының Сергей Дурницын, Юрий Кобзев, Евгений Чекунов сынды үш бірдей ойыншысы сәйкесінше «Үздік қорғаушы», «Үздік сұрмерген» және «Үздік ойыншы» аталымдарына лайық болды.
Үшінші лигада тарбағатайлық Думан Дүйсембеков үздік қақпашы атанса, «BarS» командасының ойыншысы Александр Чесноков «Үздік қорғаушы» аталымын жеңіп алды. Оған қоса, «NONAME» командасының ойыншысы Асылжан Кеңесбеков «Үздік шабуылшы», ал «BarS» командасының тағы бір ойыншысы Илья Зеленцов «Үздік сұрмерген» атанды.
Төртінші лигада «Полиметалл» командасының ойыншысы Жандос Әскерханов «Үздік сұрмерген» атанса, осы команданың тағы бір ойыншысы Марат Омарбеков «Үздік қорғаушы» атағына ие болған еді.
Айта кетейік, әр лигада бірінші және екінші орын алған командалар бір саты жоғары тұрған лигаға жолдама алса, соңғы төрт команда керісінше төменгі лигаға түседі. Бұл өз кезегінде лигалардағы командалар санын онға дейін азайтады.
– Командалар көп болған сайын, оның шығындары да көбейеді. Мысалы, бір лигада 12 команда болса, әр команда бір маусымда 22 ойын ойнайды. Осылайша, жалға алатын футбол залдарына кететін шығын көбейеді. Ал он команда болса бұл шығындар азаяды. Сол себепті келесі маусымнан бастап біз лигалардағы командалар санын азайтуды ойластырып отырмыз, – деп қосты Оралбек Әділханов.
Чемпионатты аяқтаған командалар енді сәуір айының орта шеніне дейін тынығып, қар еріп, көк шыққан соң жазғы маусымға кіріседі. Ол үшін алдағы чемпионаттардың ережелері дайындалып, бекітіліп қойған.
Азамат Темірбеков