Қоғам

Жолдар жөнделіп жатыр

Азамат Темірбеков

Абай ауданында бірнеше елді мекеннің кіреберіс жолдары жөнделіп, көшелері орташа жөндеуден өткізілуде.

Жұмыс кестесіне сәйкес Көкбай және Кеңгірбай би ауылдық округтерін аралаған аудан басшысы Нұржан Абдыкаримов
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Көкбай ауылының кіреберіс жолына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысып қайтты. Сонымен қатар ол Шәкәрім атындағы орта мектепке ат басын бұрып, мұндағы жылу қазандығына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын қадағалады.

Атқарылып жатқан жұмыстарды сапалы түрде жүзеге асыруды ауыл әкімі мен салаға жауапты бөлім басшыларына жүктеген ол барлық жұмыстардың уақытылы аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Жалпы, бұған дейін  аудан басшысы Құндызды ауылдық округінде де болып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан кіреберіс жолды және Шәкір Әбенов атындағы көшедегі орташа жөндеуді, орта мектептегі жылу қазандығын қайта жаңғырту жұмыстарын өз көзімен көріп қайтқан болатын. Сондай-ақ ол сол жолғы жұмыс сапарында ауылдағы Жастар саябағында жүргізілген абаттандыру жұмыстарымен де танысқан-ды.

Бұдан бөлек, ол бүгінгі күні облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан аймақтық «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын  үйлердің құрылысымен де танысып қайтты. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан осал топтарға арнап салынып жатқан үйлердің сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттігін алға тартқан аудан басшысы бұл бағытта да жұмыстардың уақытылы жүзеге асырылуын қатаң қадағалауды құзырлы мекемелердің басшыларына тапсырды.

Айта кетсек, қазіргі уақытта ауданда көпбалалы және халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне өз ісін ашуды қолдау, осындай отбасылардың мектеп жасындағы балаларын  жазғы сауықтыру лагерьлеріне, қосымша демалыс орындарына жіберуге жәрдемдесу сияқты игі істер қолға алынған.

Осы айдарда

Back to top button