Жолаушының өмірін сақтап қалды
Жуырда әскерге енді бара жатқан сарбаз ерлік көрсетті. Атырау – Алматы бағытындағы пойызда бір топ әскери қызметші Атыраудан Зайсанға жаңа қызмет өткеру орнына аттанып бара жатқан…
Түн ортасында жолсерік топ жетекшісі майор Е.Еркінбаевқа жүгіріп келіп, көмек сұрайды. Көрші вагонда пойыздың жолаушысы қатты ауырып қалып, оған шұғыл медициналық көмек қажет болған. Бұл өтінішке қатардағы жауынгер Абылайхан Убайдуллаев үн қатқан. Ол мамандығы бойынша фельдшер екен, әскерге дейін жедел медициналық жәрдемде жұмыс істепті.
Әйел ес-түссіз жатты. Қасындағы жолаушылардың айтуынша, ол жүрегі шағып тұрғанын айтып, қысым түсіретін дәрілер ішкен, кейін есінен танып қалған екен.
Жолсерік жақын маңдағы станция диспетчерімен байланысып жатқанда Абылайхан шұғыл медициналық іс-шаралар кешенін өткізді.
Пойыз станцияға жеткенде әйел есін жиды. Оны шұғыл түрде шақыруға келген жедел жәрдем дәрігерлері ауруханаға алып кетті.
– Бұл жағдайда медициналық білімі бар адамның сол жерден табыла қалғанын айтсаңызшы! Абылайхан дер кезінде және білікті алғашқы көмек көрсетіпті. Оның жәрдемі арқасында науқас тірі қалды, – дейді Махат ауылындағы орталық аудандық аурухана невропатологы Рүстем Жалғасбай.
Қазір әйелдің денсаулығына ештеңе қауіп төндірмейді, жағдайы қанағаттанарлық. Аман қалған өзбекстандық қандас әйелдің Абылайхан Убайдуллаевқа айтар алғысы шексіз.
– Мен бұл сарбаздың вагонда болғанына өте қуаныштымын. Оған көмегі үшін көп рақмет айтамын, қызметіне табыс тілеймін! – дейді Бибігүл Тілеуова.
Зайсанға жетісімен ҰҚК Шекара қызметі департаментінің басшылығы батырдың анасы Гүлбаршын Басановаға алғыс хат жолдады.
– Абылайхан бала кезінен мейірімді, жанашыр болып өсті. Әскерге шақырту қағазы келгенде ойланбастан аттанды. Ұлымның Отанымыздың қастерлі шекарасын қорғап жүргенін мақтан тұтамын, – дейді ана.
Бөлімше командирі, ефрейтор Нұрым Хабдрашитов Абылайханның тәртібі мен қаруластары арасындағы жоғары беделін ерекше атап, ата-анасына нағыз азамат тәрбиелегендері үшін ризалығын білдіріп отыр.
Батыл әрекеті үшін қатардағы жауынгер Абылайхан Убайдуллаев жуырда грамотамен және қол сағатпен марапатталды.
P.S. Газет беттеліп жатқанда Зайсан ауданы бойынша шекара басқармасының қызметкері Айнұр Марқабаева жауынгерге ефрейтор шені берілгелі жатқанын және медальға ұсынылғанын қуана хабарлады! Осылайша тағы бір қаһарман арамыздан табылды.
Ержан Әбіш