ҚоғамТОП

Жол жөндеу сапасын қарапайым адамдар да бақылай алады

2024 жыл Шығыс Қазақстанда Жол жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты, өңірде жол жөндеу мәселелеріне, әсіресе атқарылатын жұмыстар сапасына айрықша көңіл бөлінбек.

Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісіне қатысқан аймақ басшысы Ермек Көшербаев мәлім етті.

Жиналыста облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов баяндама жасап, биыл бұл мақсатқа 28,5 миллиард теңге бөлу жоспарланып отырғанын, сондай-ақ орташа жөндеумен 600 шақырымға жуық жол қамтылатынын хабарлаған болатын.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы облыс орталығындағы Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің, Пермитин және Славский көшелерінің қиылыстарында көлік айрығының құрылысы жалғасады. Сондай-ақ, Жібек жолы мен Базовая көшелерін жөндеу жұмыстары аяқталуға тиіс.

Бұған қоса, Қалбатау – Майқапшағай, Талдықорған – Өскемен бағыттарындағы республикалық маңызы бар жолдарды және Осинов асуындағы трассаны қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табады.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев тұрғындар тарапынан жол сапасына қатысты арыз-шағым көп түсетінін айтты. Сынның көбеюіне соңғы алты жыл көлемінде жолдардың толыққанды жөндеу көрмегені де түрткі болды. Осыны ескере келе, биыл облыс басшылығы өңірдегі жолдарды жөндеуге жұмсалатын қаражат мөлшерін екі есеге ұлғайтуды ұйғарған.

– Бар мәселе сапада болып тұр. Келер жылы бұл проблемамен тағы бетпе-бет келмеу үшін биыл жөндеу жұмыстарын барынша сапалы жүргізу қажет. Жол патрульдерімен тығыз жұмыс істеу керек. Жолдың тозуына көптеген фактор әсер етеді. Оның ішінде сапасыз атқарылған жұмыс, жер бедері мен климат та бар. Жалпы, құрылыс технологияларын өзгерту жайында да ойланатын кез келді. Ал бақылау жұмыстарына құзырлы басқарма мен Ұлттық сапа орталығы ғана емес, қарапайым адамдар да қатыса алады. Бұл іске қоғам белсенділерін тартыңыздар. Жөндеу жұмыстарының қайда және қашан жүргізілетіні туралы ақпарат кез келген адамға қолжетімді болуы шарт. Ол үшін басқарманың сайтында жолдардың толық тізімін жариялау қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.

Жол сапасы ұлттық орталығының директоры Ержан Аязбаевтың айтуынша, 2024 жылы 170 учаскеде қажетті сараптама жұмыстары жүргізілген. Аймақ басшысы бұл жұмысты ары қарай да белсенді жүргізу қажет екенін айтып, жауапты мекемелерге тапсырмалар берді.

Әкімдік мәжілісінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстанда «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды. Бұл мақсатқа биыл 5 631,2 миллиард теңге бөлініп отыр. Аталған қаржыға бір мың несие беру жоспарланған.

Облыс әкімдігінің мәжілісінде ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Диляра Жылқайдарова «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде былтыр атқарылған және биылға жоспарланған жұмыстар туралы баян етті.

Еске салайық, 2023 жылдан бері өңірде ауыл халқының әл-ауқатын арттыруды және жұмыссыздықты азайтуды мақсат еткен «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда.

Былтыр бағдарлама аясында 213 өтінім бойынша бір миллиард 535 миллион теңгенің несиесі беріліп, 235 жұмыс орны құрылған. Қаражат толық игерілді. Бір кредиттің нақты орташа сомасы 7,2 миллион теңге шамасында болды. Нәтижесінде жеке кәсіпкерлер саны 2,3 пайызға артқан, сондай-ақ ірі қара саны 0,8 пайызға, жылқы 0,9 пайызға, қой-ешкі 0,4 пайызға көбейген.

– Биыл бағдарламаны іске асыруға 5 631,2 миллиард теңге бөлініп, осы қаржыға бір мың кредит беру жоспарланып отыр. Бағдарламаға 105 ауылдық округ, төрт моноқала қатысады. Бір несиенің орташа мөлшері 5,6 миллион теңге болады, – деді Диляра Жылқайдарова.

Бағдарламаға жұмсалатын қаржыны мал шаруашылығы (482 жоба), өсімдік шаруашылығы (226 жоба), шағын бизнес, оның ішінде туризм, ет және сүт өндеу, жемшөп өңдеу (292 жоба) салаларына бөлу көзделген. Нәтижесінде 1 024 жұмыс орны құрылуға тиіс.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтерін, цехтарды құруға, қолда бар цехтарды жаңартуға ерекше назар аударылады. Биылғы жоспарға сай әр аудан кем дегенде екі кооператив құру керек.

 

Осы айдарда

Back to top button