Жол жөндеу: былтырғы қарқын бәсеңдемейді

Жол – халықтың өмірін жеңілдететін өркениеттің өзегі, ел мен елдің, ауыл мен қаланың, дәрігер мен науқастың арасындағы алтын көпір. Сапарға шыққан баласы үшін алаңдаған ата-ана, сапасы сын көтермейтін жолда жанын шүберекке түйіп жүрген жүргізуші, қиырда жатқан ауылдан орталыққа жетуге зар болған қарапайым халық – олардың бәрі жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдың қиындығын шынайы сезінген жандар.
Жаңбыр жауса балшыққа айналып, боран соқса қайта-қайта жабыла беретін, оның үстіне ойдым-ойдым, шұрық-тесік жолдардан қажыған жұрт «қашан жөнделеді?» деген сауалды сан мәрте қойған.
Қуанарлығы сол, Шығыс Қазақстанда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл – биліктің халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, көлік қатынасын жақсарту жолында нақты қадамдарға көшкенінің айқын дәлелі. Ауқымды жол жөндеу жобалары қолға алынып, бірқатар бағыттарда сапалы асфальт төселіп, жаңа көпірлер мен айналма жолдар салынуда.
Облыстың күре жолдарынан бастап, шалғайдағы ауыл ішіндегі көшелерге дейін кезең-кезеңімен жаңарып, заманауи талаптарға сай жөнделуде. Басты назарға алынған бағыттардың бірі – халық көп пайдаланатын Өскемен – Семей, Өскемен – Зайсан, Өскемен – Катонқарағай жолдары. Қозғалысты жеңілдету, жол сапасын арттыру үшін заманауи технологиялар қолданылып, жол белгілері мен қауіпсіздік шаралары күшейтілуде.
Жол жөндеу жұмыстары тек көлік жүргізушілері үшін ғана емес, облыс тұрғындарының күнделікті өміріне де оң әсерін тигізбек. Жақсы жол – экономика мен туризмнің дамуына септігін тигізбек.
Қанша шақырым жол жөндеуді қажет етеді?
Өңірдегі жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүйелі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы бірқатар ірі жобалар аяқталып, алдағы жылдарға арналған жолдарды жаңарту жоспары белгіленді.
Өткен жылы облыста барлығы 694 шақырым жол мен көше жөнделді. Күршім көпірінің құрылысы, Талдықорған – Өскемен республикалық автожолын жаңарту аяқталды, Қалбатау – Майқапшағай жолын жаңарту жұмысы жалғасуда.
Облыс әкімінің тапсырмасына сай қала-аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жиынтық құны 40,1 миллиард теңге болатын 1063 км облыстық және аудандық автожолдарды жөндеу қажет екені анықталған. Бұл – жергілікті желінің жалпы ұзақтығының 26,4 пайызы, оның 395 шақырымы – облыстық, 668 шақырымы – аудандық жолдар. Оларды екі кезеңге бөлу ұсынылды, 2024 жылға – 600 км, 2025 жылға – 463 км.
– Биыл жоспар бойынша 339 км автожолдар мен көшелерді жөндеуге 9,1 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ қажетіне қарай қала-аудан әкімдіктері қосымша қаржы бөлу үшін облыстық бюджет комиссиясына өтінім беретін болады.
Ауылдық жерлердегі жол сапасын жақсарту мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Былтыр 351 км аудандық жолдар мен көшелерді орташа жөндеу бойынша 93 жоба іске асты, оның ішінде 11 ауылда алғаш рет көшелерге асфальт төселді. Облыста осындай 79 ауыл бар, олардың 50-і іріктеліп алынды, келер жылға дейін жолдары біртіндеп жөнделеді, – дейді ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының жолдарды дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары Ерлан Уәлиев.
Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 33 шақырым көше мен ауылдарға кірме жолдарды жөндеуге 1,4 миллиард теңге бөлінді. Аталмыш жобаның мақсаты – ауылдықтардың тұрмысын жақсарту, ауылдарды дамыту.
Облысішілік маршуттар жанданып жатыр
Өңірдегі жолаушылар тасымалын жақсарту бағытында бірқатар маршруттар жаңартылып, жаңа бағыттар енгізілуде. Биылғы конкурстық іріктеу нәтижесінде Өскеменнен бірнеше елді мекенге қатынайтын бағыттар қайта қаралып, жаңартылды.
Биыл жолаушы тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына өткен конкурстардың қорытындысы бойынша Өскемен – Предгорное, Өскемен – Предгорное (Уварово арқылы), Өскемен – Алтай, Өскемен – Алтайский, Өскемен – Үлкен Нарын, Өскемен – Саратовка – Отрадное маршруттары жаңартылды. Былтыр Өскемен – Зайсан, Өскемен – Ақжар, Өскемен – Первомайка, Өскемен – Шемонаиха (Первомайка арқылы), Өскемен – Күршім бағыттары қайта ашылған.
– Қазір Өскеменнен «Көгілдір бұғаз», «Айна» демалыс базаларына және Өскеменнен Бозанбай ауылы арқылы Сібе көлдеріндегі демалыс базаларына дейін маусымдық маршруттарды ашу, Өскемен – Марқакөл, Марқакөл – Зайсан тұрақты маршруттарын жаңарту мәселесі пысықталып жатыр, – дейді ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары.
Сонымен қатар автобустар мен маршруттық таксилердің сапасы мен қауіпсіздігі бақылануда. Заңсыз тасымалдаушылардың қызметін болдырмау, қауіпсіздігін бақылау үшін аумақтық көлік прокуратурасы, мемлекеттік кірістер, полиция және көліктік бақылау инспекциясы органдарының өкілдерінен жұмыс тобы құрылды. Ол топ заңсыз тасымалдаушыларды анықтап, жолдарын кесу, олардың стихиялық тұрақтарын жою жөнінде жүйелі шаралар жүргізеді.
Қысқы жол: қамданбай жүру қаупті
Қыста жолдарды күтіп-ұстау жұмыстары ұйымдастырылып, қар тазалау бойынша қиындықтар сәтті еңсеріліп келеді.
Облыстық және аудандық автожолдарды және елді мекендердің көшелерін қыста күтіп-ұстау үшін 590 техника, аудандық жолдар мен елді мекендердің көшелеріне қызмет көрсету үшін 471 қар тазалау техникасы жасақталды.
– Облыстық жолдарға «ОблШығысЖол» ЖШС қызмет көрсетеді, онда 119 қар тазалау техникасы бар. Адамдары және бульдозер, екі трал, шнекті-роторлы қартазалағыш, автогрейдер секілді арнайы техникалары бар жедел әрекет ету тобы құрылды.
Өткен қыста қалың қардың, боранның, қар көшкіні қаупінің салдарынан облыстық жолдар 44 рет жабылған. Жолдардың жабылу ұзақтығы орташа есеппен 12 сағат болды, – деп мәлімдеді Ерлан Келсінғазыұлы.
Өткен жылдың 1 қарашасынан бастап облыстағы жолдардың жай-күйі, оларға тартылған техникалар туралы ақпарат жинау және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін операторлар тәулік бойы кезекшілікте болады. Басқарма күн сайын таңертең облыс бойынша жиынтық ақпарат жасап, оны төтенше жағдайлар, полиция органдарына жолдап, облыс әкімінің жауапты орынбасарына тапсырады.
Жедел өзара іс-қимылды қамту мақсатында жол ұйымдары, полицейлер, төтенше жағдай бөлімдері, қала-аудан әкімдіктері үшін іс-шаралар жоспары әзірленді, оған сай барлық жол бөлімшелерімен, медициналық-трассалық пунктерімен, ауыл әкімдіктерімен өзара байланыс орнатылды. Ұйымдардың үйлесімді жұмысы арқасында өткен қыста адам шығыны болған жоқ.
Страбоскоптар мен макеттер не үшін орнатылды?
Өңірде жол қауіпсіздігін арттыру үшін кешенді шаралар қолға алынуда. Жол белгілері, бағдаршамдар, жарықтандыру және жол қозғалысын реттеу жұмыстары жүріп жатыр.
Облыста жол қозғалысы қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында полиция департаменті 25 профилактикалық іс-шара өткізді. Патрульдік полицияның қосымша нарядтары қойылады, облыстық және республикалық жолдардың қауіпті учаскелерінде үй жануарлары мен патрульдік автомобильдердің макеттері пайдаланылады. Апта сайын бірыңғай профилактика күні өткізіліп, полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің ереже бұзушылықтарын анықтайды.
– Полиция департаментінің бастамасы бойынша Өскемен – Тарғын – Самар (19, 35 км) және Мамай батыр – Бозанбай (10 км) жолында үш жылқы макеті орнатылды. Автожолдардың қауіпті учаскелеріне төрт автономды сигналдық, яғни қызыл-көк жарқылдауық маяктары бар стробоскоп қойылған, Атап айтсақ, Үлкен Нарын – Күршім жолында екі дана, Күршім – Қалжыр жолында екі данасы тұр, – деді басқармасы басшысының орынбасары.
Қосымша 1 мың жарық шағылыстыратын ленталар сатылып алынды, олар фермалары мен жайылымдары автожолдарға жақын орналасқан мал иелеріне таратылды. Өскемен – Алтай – Рахман қайнары жолы бойына орнатылған 6 жылқы макеті сатып алынды, «ҚазАвтоЖолдың» облыстық филиалы жануарлардың 30 макетін сатып алуды жоспарлауда. Өскемен – Семей жолының 103-ші шақырымына жүргізушілерге жануарлар туралы ескертетін «Қорғау-Шопан» жарық-сигнал кешені орнатылды.
Жолдарды реконструкциялау учаскелерінде 29 уақытша мал өткелі жасалды, олардың 22-сі Ақмектеп – Зайсан жолына, қалғандары Өскемен – Қалбатау жолына салынды.
Заманауи технологиялар қолданыла бастады
Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасы қатаң бақыланады. Пайдалануға берілген жаңа жолдардың сапасы бойынша шағымдар түскен жағдайда шұғыл шаралар қабылданады.
Объектілерде жүргізілетін жол-жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте техникалық қадағалаумен, сондай-ақ Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен шарттар жасалады. Бұзушылықтар немесе ақаулар анықталған кезде ескертулерді жою үшін дереу мердігерлік ұйымдарға хат жіберіледі. Ақауларды жоймай объектіні пайдалануға беруге жол берілмейді.
– Автожолдарды салу мен жөндеуде жаңа технологиялар қолданылуда. Жолдардың беріктігін арттыру үшін инновациялық материалдар мен әдістер енгізіліп жатыр.
Мәселен, облыстық жолдарда эксперимент ретінде жасанды тас материалдарын жасаудың «ANT» инновациялық технологиясы қолданылуда. Бұл тасты ұсақтау қалдықтарынан немесе топырақтан монолитті тас плитасын жасауға мүмкіндік береді. Жасалған тас тақта қозғалысы қарқынды жолдардың негізі ретінде, технологиялық жолдарда, қозғалыс қарқындылығы төмен жолдарда жабын ретінде пайдаланылады.
Сондай-ақ биыл сапалы жүк көтергіш қабаттарды салу үшін NovoCrete технологиясын пайдалану жоспарлануда, ол цементті ылғалдандыру процесін жеделдетеді, қысымға, суыққа төзімділікті, иілу және созылу беріктігін арттырады, – дейді Ерлан Уәлиев.
Такси қызметінің заңдастырылуы және реттелуі жүруде. Жеке тасымалдаушылардың қызметін заңдастыру және сапаны бақылау бойынша тиісті шаралар қарастырылған.
Такси қызметі Автомобильмен жолаушыларды және багажды тасымалдау қағидасына сай іске асады. Жұмысқа кіріспес бұрын жеке тұлғалар, кәсіпкерлер, заңды тұлғалар интернет-платформаларды пайдалана отырып, жергілікті атқарушы органдарға таксимен тасымалдаушы ретінде қызметін бастағаны туралы хабарлау қажет.
Ержан Әбіш