Жол жөндеу биыл да жалғасады

Жол мәселесі еліміздің барлық өңірлеріндегідей біздің ауданға да қатысты. Рас, Тәуелсіздік жылдары кезең-кезеңімен іске асқан жұмыстардың нәтижесінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз жетерлік. Арнайы қаражат қарастырылып, біраз мәселе шешімін тапты.
Әлбетте, атқарылған істер баршылық. Аягөз ауданы 1160,7 шақырымды құрайтын ең ұзын автомобиль жолдары желісіне ие, соның ішінде 500 шақырымы республикалық, 250-і облыстық, қалғандары аудандық маңызға ие. Мәселен, өткен жылы республикалық маңызы бар жолдардың 28373 шаршы метр ойықтарын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аягөз қаласында «За линий» деген мөлтек ауданы бар. Осыдан үш жыл бұрын апатты жағдай орын алғанда, сол мөлтек аудандағы Кіші Аягөз өзені бойындағы жүргіншілер көпірін қоса шайып кеткен болатын. Қазір аудан бойынша 11 көпір салынып, қолданысқа берілді. Оның ішінде Аягөз қаласы бойынша, жоғарыда айтқан Кіші Аягөз өзені бойына бес көпір, Мамырсу ауылдық округінде алты автомобиль көпірі орналастырылды.
Жалпы, ауданымыз бойынша жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2020 жылы 1600,0 млн. теңге бөлінген болатын. Соның ішінде республикалық бюджеттен 606, млн. теңге, облыстық бюджеттен 580,0 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 414,0 млн. теңге болды. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, 2019 жылмен салыстырғанда бұл салаға бөлінген қаражат 457,0 млн. теңгеге артқан. Өткен жылы да жолға біршама қаражат бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылған болатын. Мәселен, өткен жылы 11 көшенің жолдарында шұңқырларды жөндеу жұмыстары атқарылды. Төрт көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, 11 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты, меморандум аясында екі көшеге асфальт, жеті көшеге құм төсеу жұмыстары іске асырылғанын айта кеткен абзал. Бұдан өзге Ақтоғай және Қосағаш ауылдық округтерінің көшелеріне 126 млн. теңгеге орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Әрине, мұндай іргелі істер биыл да өз жалғасын таба беретін болады. Мәселен, биыл Аягөз қаласының 12 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Олар: Жаңа көше, Терешкова, Қошқарбаев, Жүнісов, Жолдасовтар, Күдерин, Маяковский, Нұғыманов, Аққожа би, Ғаббасов, Молдағұлова, 7 кварталдағы көше қиылыстарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сол сияқты, Шайханқари, Байшашев, Әділбаев, Амангелді, Болашақ, Серғазин секілді көшелерге тас-құм төсеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бір сөзбен айтқанда, жол жөндеу бойынша аудан былтырғы қарқыннан таймайтынын байқауға болады.
– Жол – ең алдымен қарым-қатынас үшін аса маңызды сала болып табылатыны ақиқат, – дейді Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Медет Мырзыкешов. – Сондықтан өңіріміздегі жолды жөндеу мен оны күнделікті қарап, қалыпты жағдайда ұстап отыру – басты міндеттеріміздің бірі. Аудан экономикасының дамуын жеделдете түсетін басты тетіктердің бірегейі жол болып табылатыны әмбеге аян. Сондықтан аудан әкімі Сейілбек Ысқақовтың да алдына қойып отырған мақсаттарының бірі – жол саласын жеделдете дамытып, өңір жолдарын жылдамдата жасау. Биылдың өзінде біршама шақырым жол жасалынбақ, асфальт төселінбек. Бұған тиісті қаражат та бөлініп отыр.
Аягөз ауданы