ТОП

Жол жағдайы жақсарды

Өткен жылы өңірдегі барлық деңгейдегі жолдарды жөндеуге әртүрлі көздерден 40,7 млрд. теңге қаражат бөлініп, 660 шақырымнан астам жол жөндеуден өткізілген. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз қызметін өткізген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов хабарлады.

Көзделген қаражаттың ішінде түрлі мемлекеттік бағдарламалардың да үлесі үлкен болды. Атап айтсақ, былтыр облыс аумағындағы жолдар мен көшелерді жөндеуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 16,1 млрд. теңге бөлінсе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 1,7 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бағытталған. Сондай-ақ республикалық және облыстық бюджеттің паритетті елуде елу жобасы аясында 283 шақырым жолға жөндеу жүргізілген екен.

– Жалпы, бөлінген қаражаттың ішінде 11,8 млрд. теңгесі жергілікті жерлердегі жолдарды жөндеуге және күтіп-ұстауға бөлінсе, елуде елу қаржыландыру шеңберінде жол жөндеуге 7,3 млрд. теңге қарастырылған. Орташа жөндеу көрген 283 шақырым жолдың 160 шақырымы облыстық маңыздағы жолдар болса, 123 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, – деді Нұржан Жұмәділов.

Атап айтсақ, «Аягөз – Қарауыл – Семей – Қайнар», «Үлкен Нарын – Күршім», «Өскемен – Тарғын – Самар», «Омбы –Майқапшағай – Шілікті – Ақжар», «Шемонайха – Усть-Таловка», «Шемонайха – Большая Речка», «Семей – Ресей Федерациясы – Зұбайр – Байтанат» сияқты жолдар мен 14 аудандық маңызы бар автожолдар жөндеу көрген. Бұған қоса, 11 млрд. теңгеден астам қаражатқа елді мекендердегі 45,2 шақырым көше жөндеуден өткізілді.

– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы Аягөз, Бородулиха, Жарма, Зайсан, Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай және Үржар ауданының елді мекендерінде 90 шақырым көше жөнделді. Бұған қоса, 247 шақырым жол мен көше желісі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы жөндеуден өтті. Оның ішінде аудандық маңызы бар бес жоба, елді мекендердегі көшелер бойынша 90 жоба, үш көпір мен екі әуежай жөндеумен қамтылды. Бүгінде жұмысы жүргізіліп жатқан Өскемен қаласы мен Үржар ауданындағы әуежайлардағы жөндеу жұмыстары биыл аяқталады, – деді басқарма басшысы.

Жүргізілген жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың деңгейі 85 пайызға жеткізілген.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button