Денсаулық сақтауТОП

Жол апатынан зардап шеккен әйелге бірнеше күрделі ота жасалды

Ақсуат ауылының 49 жасар тұрғыны өткен жылдың желтоқсан айында көлік  қағып, ауыр жарақаттармен облыстық ауруханаға жеткізілген-ді.  Аурухананың ортопедия бөлімі дәрігерлерінің айтуынша, пациенттің сүйектерінің сау-тамтығы қалмаған.

Ортопедия бөлімінің меңгерушісі Думан Бакербековтіңсөзіне қарағанда, соққының салдарынан ол политравмалық жарақаттар алған: арқа, мойын, омыртқа, иық, жамбас сүйектері сынған.

Науқасқа кезең-кезеңмен бірнеше ота жасалды. Бір аптаға созылған дайындықтан кейін ең алдымен иық сүйегіне отсеосинтез жасалып, сүйек ішіне бекітуші штифт орнатылды. Бұл өз кезегінде, пациенттің ерте оңалуына ықпал етті. Кейінгі кезекте аса күрделі ота — жамбас сүйектеріне жасалды.

— Әдетте, жамбас сүйектерін консервативті түрде емдейтінбіз, бірақ бұл жағдайда ота  қажет болды. Біз жамбас сүйегінің ішкі ұңғылына ашық отсеосинтез отасы арқылы реконструктивті пластинаны орнаттық. Өте ауқымды ота болды, себебі майдаланып қалған сүйек сынықтарына ешбір тамырға зақым келтірмей жетіп, репозиция жасауымыз қажет болды. Бірнеше сағатқа созылған ота сәтті өтті, кейін компьютерлік томография  сүйектердің жиналғандығын көрсетті, — дейді Думан Бакербеков өз сөзінде.

Осындай жоғары технологиялы көмектің арқасында қазір науқас тез оңалып келе жатыр. Емдеуші дәрігерлер пациенттің жуырда ауруханадан шығатынын айтады. Алдағы уақытта  ол оңалту орталығында қажетті ем-шараларды жалғастыратын болады.

Бір айдан астам уақыт аурухана қабырғасында болған пациентке барлық қызмет МӘМС аясында тегін жүргізілгендігін атап өту керек.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button