Қоғам

” Мектепке жол” акциясы бастау алды

Мейрамтай Иманғали

«Мектепке жол – шекарасыз жақсылық».  1 тамызда республика көлемінде бастау алған биылғы «Мектепке жол»  акциясының ұраны осындай. Еліміздің әрбір азаматы әлеуметтік жағынан әлсіз топтан шыққан балаларды мектепке дайындауға қол ұшын созып, көмек көрсете алады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы С.Жұмаділова  акция туралы журналистерге кеңінен ақпарат берді.

 Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу. Осы акция шеңберінде өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыстық штабтың құрамы бекітіліпті.

Жалпы «Мектепке жол» акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысында 20 514 оқушыға 650,4 млн. теңгеге және Абай облысы бойынша 15257 оқушыға 576 млн. теңгеге материалдық көмек көрсету жоспарланған. Өңірлік жоспар аясында облыстық білім басқармасы Полиция департаментімен бірігіп мектепке себепсіз бармайтын балаларды анықтау мақсатында «Жұмыспен қамту», «Түнгі қаладағы балалар» сияқты рейдтер өткізбек.

Сондай-ақ  аудандық, қалалық әкімдіктермен бірлесе отырып «Балаларға жақсылық жаса», «Ауыл балаларына – мектепке сый», «Отбасына отбасы көмектеседі: баланы мектепке апарайық» атты қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлерді тарта отырып мектеп тауарларын жеңілдетілген бағамен сататын жәрмеңкелер мен жылжымалы мектеп дүкендерінің қызметі ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар  аудан, қала әкімдері, ішкі саясат басқармасы, мәдениет және спорт басқармасымен бірлесе отырып облыстағы және аудан-қаладағы музей мен театрларға оқушылардың келуін ұйымдастырмақ.

– Биылғы жаңа оқу жылында өңірдегі 342 мектепке 95 мыңнан астам бала барады деп болжануда. Оның  21 мыңнан астамына жалпы қордан (всеобуч) әлеуметтік көмек көрсетілмек. 2022 жылы облыстық бюджетте бұл мақсатқа 1,9 млрд. теңге көлемінде, оның ішінде мектеп формасы мен аяқ киім сатып алуға 670 теңге қаражат қарастырылған, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Міне, осылайша жақсылық жасап жарысатын кез де келді.  Бір атап айтарлығы, бұл акцияға жүрегінде мейірімі бар, қайырымды жандардың барлығы да қатыса алады. Жағдайы жоқ, көпбалалы отбасының баласына шын ниетіңізбен мектепке ұстайтын сөмке немесе дәптер-қалам әперсеңіз де үлкен қолдау. Сіздің жасаған жақсылығыңыз бала жүрегінде жатталып қалады. Кейін өскен соң, ол да сіз секілді өзгеге жақсылық жасайтын болады. Кейінгі ұрпаққа әрқашан да сөзімізбен емес, ісімізбен үлгі бола алсақ, ғажап емес пе? Иә,    30 қыркүйекке дейін осынау акцияға қолдау көрсетіп, жақсылық жасап жарысайық, ағайын. 

Осы айдарда

Back to top button