Қоғам

Жиырма елді мекенгаз жүйесіне қосылады

Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Серік Тілемісов өңірдің 14 елді мекеніне газ тарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Бүгінде ауылдық жерлерге газ тарту мәселесі – өңірдегі ең өткір инфрақұрылымдық проблемалардың бірі болып отыр.

Қазір ел Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы арасындағы келісім аясында «Сарыбұлақ-Зимұнай» газ құбырын салу» және «Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы елді мекендерінің шекарасына дейін АГТС және магистралды газ құбырын салу» жобалары іске асырылуда екенін айтқан жөн.

– Қазіргі уақытта Зайсан ауданы бойынша 7 118 заңды тұлға, үй құрылыстары мен пәтерлердің меншік иелері газ жүйесіне қосылған. Оның ішінде Зайсан қаласындағы 4 897 үй мен пәтер, 321 заңды тұлғалар нысаны, сондай-ақ тоғыз елді мекендегі 1 900 үй бар. Жобалар аяқталған соң Зайсан ауданының 20 елді мекені толығымен газдандырылады, – деп атап өтті Серік Нәсіпқазыұлы.

Заңсыз балық тасымалдаған

Облыс полицейлері тиісті құжаттарсыз ірі көлемде балық тасымалдаған ер адамды ұстады.

Маусым айының ортасында патрульдік полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» автожолының Көкпекті ауылына кіреберіс тұсында Toyota  маркалы автокөлікті тоқтатқан.

– Тексеру барысында Тарбағатай ауданының 32 жастағы тұрғынының рұқсат құжатынсыз 745 келіден астам балық, оның ішінде 713 келі көксерке, алты келіден астам шортан және 20 келі мөңке балығын тасымалдағаны анықталды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, бұл «Омбы-Майқапшағай» тасжолы арқылы заңсыз балық тасымалдаудың алғашқы фактісі емес. Осыған байланысты, полиция департаменті елімізде балық ресурстарын, басқа да су жануарлары мен өсімдіктерді заңсыз аулағаны үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.

Ақсуда мешіт ашылды

Катонқарағай ауданына қарасты Ақсу ауылында жаңа мешіт бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Бұл туралы облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Дәл осы күні мешіттің ашылуы құрметіне шашу шашылып, ақсақалдар сөз алып, нысанды тұрғызған азаматтарға алғыстарын білдірді. Салтанатты іс-шарада құран оқылып, елдің амандығы үшін дұға жасалды. Жаңа мешіттің тұсаукесеріне қатысқан аудан әкімі Ділдар Қалиқан бұл тұтастай бір өңірдің рухани өмірі үшін мән-мағынасы зор ерекше игілікті іс болғанын атап өтті.

– Ақсу ауылында ашылған бұл мешітте жамағаттың құлшылық жасауына барлық мүмкіндік қарастырылған. Іс-шарада ақын Қуаныш Еркінұлы жырдан шашу шашты. Осылайша, шалғайдағы ауыл үстінде Алланың үйінен азан айтылып, дүбірлі думанға бөленді, – деп хабарлайды «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі.

Әзірлеген – Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button