Жинақтарымды алмасам, қандай тәуекелге барамын?

– Зейнетақы жинақтарымның жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін алмайын деп шештім, ондай жағдайда қандай тәуекелге барамын және басқа мүмкіндіктер бар ма?
Роза Қалиева, Риддер.
Сауалға «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Марат Сейітқалиев жауап береді:
– Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі түрлі тәуекелден барынша қорғалатындай етіп құрылған. 23 жыл ішінде әлемдік экономикадағы бірқатар қаржылық дағдарыстарға қарамастан, ол тұрақтылықты сақтап қалды. Қазіргі уақытта Қазақстан – азаматтардың зейнетақы жинақтарының инфляциядан қорғалуына мемлекеттік кепілдік беретін әлемдегі жалғыз ел.
Сіз зейнетақы жинақтарын пайдаланбас бұрын ескерілетін тәуекелдерді айтып тұрсаңыз, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу – ең алдымен салымшының жеке зейнетақы шотының жай-күйіне, одан әрі оның болашақ зейнетақы төлемдеріне әсер ететінін атап өткіміз келеді. Азаматтардың зейнетақы жинақтарын есепке алу жеке жүргізіледі және жинақтар дербес зейнетақы жарналарынан, инвестициялық кірістен және бар болған жағдайда оның дербес алымдарынан (немесе зейнетақы төлемдерінен) қалыптасады.
Қаперге ұстайтын жайт, ЖЗШ-да жеткіліктілік шегі аясында қалатын қаражат салымшыны ең төменгі зейнетақыдан кем емес мөлшерде зейнетақымен қамтамасыз етеді. Бұл азғантай сома БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ы болатын ең төменгі базалық зейнетақыдан құралады.
Жеке зейнетақы шотында зейнет жасына жеткенде алушыны ең аз төлеммен қамтамасыз ету үшін жеткілікті соманы сақтау мақсатында зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі жыл сайын қайта есептеледі. Сонымен қатар лайықты зейнетақымен қамсыздандыру үшін тұрақты, уақтылы жарналардан, алынған кірістерден толық көлемде қалыптасатын жинақ болуы қажет.
Сіздің жағдайыңызда зейнетақы жинақтарыңыздың жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін инвестициялық портфельді басқаратын компанияларға (ИПБ) аударуға болады. Яғни, тәуекелге бел буып, инвестор болуға, әрі көбірек табыс алуға мүмкіндігіңіз бар. Әрі бұл ақша келешекте зейнетақы шотыңызға қайта құйылатындықтан, оны жұмсалған емес, болашақта зейнетақы төлемдерін алатын еселенген қаражат деп түсінген абзал.
Ол үшін басқарушының инвестициялық декларациясымен танысып, қаражатыңыздың қалай және қандай құралдарға инвестицияланатынын түсіну қажет. Қазір нарықта төрт ИПБ жұмыс істейді, олар туралы толық ақпаратты enpf.kz сайтынан таба аласыз.