
Алтай ауданының тумасы Ринат Әлеуетов талдықорғандық «Жетісу» футбол командасының бас бапкері қызметіне тағайындалды. Клуб пен бапкер арасындағы келісімшарт бір жылға жарамды.
Осылайша, жерлесіміз футболдан Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін команданы жаттықтыратын ең жас бапкердің бірі атанды. Айта кетейік, 31 жастағы Ринат Әлеуетов бұған дейін Өскемендегі «Алтай» футбол орталығында, кейін «Alash-РКС» футбол академиясында жұмыс істеген. Әсіресе, Өскеменде еңбек еткен жылдары Әлеуетов жаттықтырған 1999, 2000 және 2001 жылдары туған жас аяқдопшылар командалары айтуға тұрарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Мәселен, 1999 жылғы футболшылар ел чемпионатының қола жүлдегерлері атанған. Ал 2001 жылы туған аяқдопшылар оқушылар арасындағы республикалық Спартакиадада топ жарып, Қазақстан біріншілігі мен «Арман» елішілік жарысында қола жүлдеге ие болған.
Ринаттың бұл жетістіктерін байқаған «Жетісу» футбол клубының басшылығы оны талдықорғандық жастар командасын басқаруға шақырады. Сөйтіп, 2020 жылдың маусымында жерлесіміз «Жетісу Ж» командасының бас бапкері болып тағайындалды. Артынша, Ринат Әлеуетов шәкірттерімен бірге өз конференциясында екінші орынға ие болады.
Осыдан кейін, клуб басшылығы оны негізгі команданың бас бапкері етіп тағайындайды.
– Қазір мен туралы түрлі алыпқашпа әңгіме көп. Алайда оның ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Мен – қарапайым бапкермін. Менің «Жетісу» командасының бас бапкері қызметіне тағайындалуыма тамыр-таныстық емес, адал еңбек себепші болды. Бар айтарым осы, – деген Ринат талдықорғандық команданың бас бапкері атануына оның «Жетісу Ж» командасымен жеткен жетістігі де түрткі болуы мүмкін екенін айтты.
Еске салайық, 5 қаңтарда «Жетісу» футбол клубының баспасөз қызметі команданың тізгінін қарағандылық «Шахтерді» еурокубоктарға алып шыққан Константин Горовенконың ұстағанын хабарлаған болатын. Алайда біраз уақыттан кейін бұл қызметке Ринат Әлеуетовтің тағайындалғаны туралы белгілі болды. Футбол мамандары бұған үнемшілдік себеп болды деген пікір айтуда.
Осы ретте, биыл Алматы облысының бас футбол командасына жылдағыдан бірнеше есе аз қаражат бөлінгенін айта кеткен орынды болар. Белгілі болғандай, былтыр «Жетісудың» жылдық бюджеті 3,3 миллиард теңге болса, биыл бұл сома 800 миллион теңге шамасында ғана екен.
Сәрсен Қабылым