Қоғам

Жетістікке жеткен жеткіншектер

Аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Д.Қажановтың қатысуымен Балалар жылының Күршім ауданында бастау алуына арналған «Біз Қазақстанның болашағымыз!» атты мерекелік іс-шара болып өтті.

Бұл іс-шараның басты мақсаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай Күршім ауданында осы жылға бастау беру және білім, спорт және өнер салаларындағы сайыстарда аудан намысын қорғап жүрген оқушыларымызды жетістіктерімен марапаттай отырып, басқа да оқушылар осы үздіктерге қарап бой түзесін, үлгі алсын деген ниетті көздеген болатын.

Күршім өңіріндегі «Балалар жылы» мерекесін бастау салтанаты мен логотипті жағу құрметі Дулат Зайсанбекұлы мен №1 Күршім орта мектебінің Парламент төрағасы, оқу үздігі Артем Иншаковқа ұсынылды. Бұдан кейін құттықтау лебізін білдірген аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Елеубаев «Күршім мақтаныштары» энциклопедиясын алдағы уақытта  да жалғасын таба берсін деген ниетпен республикалық бірыңғай «Жас ұлан», «Жас қыран» балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының мүшесі, облыстық балалар өкілдігінің ұланбасы, Қазезханова Аружанға табыстады.

Салтанатты жиынның марапаттау бөлімі аудан әкімі Д.Қажановтың «Елбасы» медалін табыстауымен басталды. Бұл рәсімнің басты мақсаты желкілдеп өсіп келе жатқан жас буынның қоғам мен мемлекет өміріне белсене араласуына, өз қабілеттерін барынша кең ашуына көмектесу болып табылады. Биылғы оқу жылындағы түрлі деңгейлердегі білім додаларында жетістікке жеткен оқушыларды аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Елеубаев пен зейнеткер ұстаз Р.Нұролданова марапаттап, ізгі де шынайы тілектерін арнады.

Түрлі деңгейлердегі спорт алаңдарында өз шеберліктерін дәлелдеп келе жатқан жас спортшыларды осы саланың ардагері, аға жаттықтырушы Н.Е.Бобылева мен шаңғы спортының танымал жаттықтырушысы, шәкірттері облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүрген республикалық олимпиадаға резерв дайындаушы Абай Лақов марапаттады. Өнер түрлеріне қызығушылық танытып, жетістіктерге жетіп жүрген жас өнерпаздарды аудандық мәслихаттың хатшысы М.Қалелов пен 31 жыл бойы аудандағы ұлт аспаптары оркестріне көркемдік жетекшілік әрі дирижерлік жасап келе жатқан білім және мәдениет салаларының үздігі Ш.Тойбаев марапаттады.

Балалар жылының ашылуына орай жыл көлемінде жүзеге асырылуға тиіс іс-шаралардың толық жоспарын жасадық, дейді аудандық оқу бөлімінің әдіскері Айзада Солтанқызы. Алдағы уақытта осы жоспар бойынша жұмыс істеп, балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуге барынша күш салатын боламыз.

Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button