Қоғам

Жетігеннің сырына үңілген саз мектебі

Ерлан Бапанов

      Бір сәттік хайп қуған, іріген сүттей ыдыраңқы болса да, «музаканың біз де бір жанрынанбыз» деп теледидар мен интернет бетінен түспейтін «өнерпаздар легі» буыны қатпаған, оң-солын енді тани бастаған жастарымыздың санасынан саңылау іздеп, улап жатқандығы жасырын емес.

    Көңілге медет болатыны, жаһандану жағадан алса да, ұлттық дәстүрлі музыкамызға жүйелі тамыр жайған өнер ұжымдары Тарбағатай ауданында да аз емес. Солардың бірі – Ақжар балалар саз мектебі.  Ажар Қабатаева  жетекшілік ететін өнер ұжымы вокал, хореография, оркестр, домбыра, қобыз, жетіген, баян, сольфеджио сыныптары арқылы түйсігінде өнерге деген жылт еткен сәулесі бар оқушылардың қабілетін шыңдап, үлкен сахналарға шығуына алтын көпірдей жол салып келе жатқандығымен ерекше, сонысымен құнды.

Біз бүгін соның ішінде жас жетігеншілер туралы аз-кем әңгіме өрбітпекпіз. Саз мектебінде домбыра сыныбының мұғалімі және директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Ажар Бақытқызы – өнер ордасының ыстық-суығын ұжыммен бірге көріп келе жатқан жаңашыл басшы. 2015 жылы саз мектебінің директоры қызметін қолға алған кезден де жұмысты тың бағытпен үйлестіріп әкетті.

«2016 жылы жетіген сыныбын аштық. Ол кезеңде аудан басшысы Ділдәбек Тәжібайұлы болатын. Ол кісінің ұлттық аспаптарға деген ықыласы айрықша еді, барынша қолдау танытты, бес жетіген алып берді. Сол жетіген сыныбы ашылған жылы концерт қоюуымыз керек болды. Алайда енді ғана ашылған үйірмеге дайын кадр да болмады. Десе де, ішекті-шертпелі музыка аспабы домбыраға жақын ғой деген оймен, домбыра сыныбының жетекшісі Назира Көжекова әріптесімізді елордаға оқуға жібердік. Алғашында сыныпқа бірнеше оқушы қабылданды, солардың ішінен үшеуінің икемі, қабілеті жетіп тұрды. Содан жетігеннің үшеуінде оқушылар, қалған екеуінде Назира және мен бесеуіміз бірігіп орындап жүрдік. Ұлттық нақышы қанық жетігенмен орындалған туындыларды жергілікті тыңдармандарымыз жылы қабылдады. Елордада қазақ дәстүрлі әнін насихаттаушы, халық және эстрада әндерін орындаушы Қарақат Әбілдинаның мектеп-студиясында біздің жерлесіміз Фариза Кәкімбекқызы ұстаздық ететін. Назира сол кісіден тағы бір ай дәріс алды, кәсіби деңгейін жетілдірді. Осыдан кейін жетіген сыныбына келушілер қатары арта түсті. Басында сегіз оқушы болса, кейін он алтыға жетті. Сөйтіп жетіген сыныбы қанатын кеңге жайып, танымалдығы  арта түсті. Айтарлықтай нәтижелерге жете бастадық. Мысалы, алғашқы болып осы бес жетігенде ойнаған оқушыларымыздан «Ғасыр үні» ансамблі құрылып, бірнеше байқауларға қатысты. Құрамындағы Айкүміс Жұмағазина, Айтолқын Халелова, Нұрай Әзімханова, Айым Архат, Нұрсұлу Армиянова  халықаралық «Жұлдызды қолтаңба» байқауынан бірінші орынды иеленді.

Айтолқын Халелова деген шәкіртіміз осы жетіген сыныбын тәмамдап, Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесіне оқуға түсті. Дегенмен, ол жерде жетіген сыныбы болмаған еді. Ауылдан бітірген жетігеншілеріміз білімін қайда жетілдірмек деп мәселе көтердік. Көптеген азаматтар бұл ойымызды құптады. Айтолқын өзі көпбалалы отбасыдан шыққан. Анасы да сол тұста телеарнаға сұхбат беріп, ұлттық музыка аспаптарымыздың тынысын ашып, дамыту қажеттігін айтты. Көп ұзамай сол оқу ордасында жетіген мамандығы ашылды. Айтолқынымыз сол жетіген мамандығының алғашқы студенті атанды. Тарбағатайдың жомарт жүректі жандары бірігіп, Айтолқынға жетіген сыйлады. Қазіргі таңда оқуын жалғастыруда.

Бүгінгі таңда ауданда жетігенде ойнауды үйренуге ниетті оқушылар да, осыған баласын бергісі келетін ата-аналар да көп. Сыныпқа қажетті оқушылар саны бірден толып қояды. Кейде артығымен алып жатамыз. Ата-аналар өздерінің тарапынан киім тіктіріп, конкурстарға жіберіп отырамыз.

Кіші топта өнер көрсетіп жүрген жетігеншілеріміз Аяла Асхатқызы, Айман Аманжолқызы, Амира Нұрлыбекқызы биыл Алматы қаласында болған II халықаралық шығармашылық «Шабыт тарландары» байқауында жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар  Нұр-Сұлтан қаласында «Platon» халықаралық білім дамыту орталығы ұйымдастырған «Наурыз-Думан» республикалық өнер байқауында аспапта ойнау жанры бойынша Амира Әділбек шәкіртіміз I дәрежелі дипломмен марапатталды. Басқа да жетістіктеріміз жетерлік. Осының бәрі  жетекшісі Назира Көжекованың еңбегі екендігін айтып өткен жөн», – дейді Ақжар балалар саз мектебінің директоры Ажар Қабатаева.

Жетігеннің пайда болуы жайлы аңызда ерте заманда жұт салдарынан қайтыс болған жеті баласының құрметіне қу ағашты ойып, сорлы әке әр баласына арнап бір-бір ішек тағып, күй шығарып, балаларын жоқтаған екен деседі. Ұлдары Қанияға – «Қарағым», Торалымға – «Қанат сынар», Жайкелдіге – «Құмарым», Бекенге – «От сөнер», Хауасқа – «Бақыт көшті», Жүлзаға «Күн тұтылды» күйлерін арнаған. Соңғы баласы Қияс қайтқанда «Ақырғы» күйін тартқан екен. Осы күйлер «Жетігеннің жетеуі» деген атпен ел арасында таралған дейді.

«Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылған көрінеді. Жетіген – қазақ халқының көнеден келе жатқан көп ішекті аспабы. Мұны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау өнер адамдарының парызы деп білеміз. Қуантарлығы, ата-аналар да қолдан келгенше тілекші болып жүреді. Оқушылардың қызығушылығы жоғары, кейде жетіген саны жетпей жататын кездер де болады. Осы жағын түсініп, қаншама ата-аналар бірігіп үш жетіген алып берді. Бұл да бір жағы талантты балаларын, екінші жағынан ұлттық өнерді қолдау деп түсінеміз», – дейді Ажар Қабатаева.

Жалпы, Ақжар балалар саз мектебінің тамырлы тарихы тереңде жатыр.  1968 жылы ашылғаннан бері талай дарындының жолын ашып, таланттысының томағасын сыпырған.    Өнер айдынына құлаш сермеген жас жеткіншектеріміздің жетістіктері көп болсын дейміз.

ТАРБАҒАТАЙ. 

Осы айдарда

Back to top button