Жергілікті жерде жағдай жасалады
Тарбағатай ауданының шалғайдағы елді мекендерінде тұратындар қысқа мерзімді курстардан мобильді орталықтар арқылы тұрғылықты жерлерінде өте алады.
Бұл туралы еңбек нарығындағы сұранысқа ие біліктілер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытулар туралы тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Темірлан Нұрланов хабарлады. Жауапты тұлғаның айтуынша, бүгінгі күні Тарбағатай өңірінде жұмыссыз жүрген жастар мен жұмыстан қысқарып қалған азаматтарды еңбекпен қамтуға арналған шаралар кеңінен жүргізіліп жатқан көрінеді.
– Бағдарламаға қатысушыларды қысқа мерзімдік оқыту және дуальді оқыту білім беру ұйымдарында, оның ішінде мобильді орталықтарда жүргізіледі. Жалпы, қысқа мерзімді курстардан 29 жасқа дейінгі жастар, жұмыспен қамту орталығында тіркеліп, тіркелмегеніне қарамастан жұмыссыз жүрген азаматтар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар және қысқартылатын жұмысшылар өте алады. Аталмыш курстардың ұзақтығы біліктілік пен дағдыларға байланысты үш айдан алты айға дейінгі аралықты қамтиды, – дейді Темірлан Нұрланов.
Бөлім өкілінің айтуынша, ауданның шалғай ауылдарында тұратын тұрғындарды аудан орталығына сабылтпау мақсатында оларды жергілікті жерлерінде оқыту жайы қарастырылған. Ол үшін арнайы мобильді орталықтар жасақталған. Дегенмен мұндай кезде тұрғылықты жерлерінен келіп оқитындарға берілетін жол және тұрғын үй жалдауға байланысты төлемақылар берілмейді.
Азамат Темірбеков