ҚоғамТОП

Жер қойнауын игеру мәселесі талқыланды

Облысқа жұмыс сапарымен келген Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің өкілдері тұрғындармен кездесу өткізді. Оған Самар, Күршім, Марқакөл, Үлкен Нарын, Глубокое аудандарының тұрғындары қатысты.

Шығыс өңірінің түсті металлургияда әлеуеті зор. Сондықтан саланы одан ары дамыту өте маңызды және бұл мақсатта бірқатар жоба қолға алынған. Соның бірі – Самар ауданындағы «Каскад-Н» ЖШС-нің пайдалы қазбаларды игеру жобасы.

Бұл жоспарлы түрде, заң аясында іске асып жатқан жұмыс. Алайда жұртшылыққа ақпарат дұрыс жетпегендіктен түрлі сұрақтар туындаған. Кездесуде осы сұрақтарға толық жауап берілді.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Самар ауданында жер қойнауын игеретін кәсіпорын іске қосылса, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтты. Оған қоса тиісті әлеуметтік төлемдер де төленетін болады. Ал құрылыс жұмыстарына заң тұрғысынан ешқандай кедергі жоқ.

– Цианид арқылы алтын өндіру – әлемнің барлық елдерінде қолданылатын тәжірибе. Бір сөзбен айтқанда, сынақтан өткен технология. Жабық әдістің қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Оның үстіне алтын өндіретін нысандар үнемі бақылауда болады. Қандай да бір заң бұзушылық анықталатын болса, кәсіпорын жұмысы бірден тоқтатылады, – деді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов.

Марқакөл ауданының тұрғындары ведомство өкілдеріне шалғайдағы өңірге де инвестор тартып, өнеркәсіпті жандандырып, сол арқылы тұрғындарды жұмыспен қамту туралы өтініш айтты. Ал Глубокое ауданы, Белоусовка кентінің тұрғындары болса жергілікті жердегі кеніштерді жаппауды, жұмыс орындарын сақтап қалуды сұрады. Бұл пікірді самарлықтар да қуаттады.

– Зауыт салынса, халықтың тұрмысы оңала түседі деп ойлаймын. «Екі қолға бір күрек» деп сандалып жүргенше,  өз ауылымызда тұрақты жұмыс тапсақ, қандай жақсы. Кейін балаларымыз да келешегі зор осы салаға бет бұрып, жол тауып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! – деді Самар ауылының тұрғыны Нұрлан Ережепов.

Самарлықтарды алаңдатып отырған жәйт – заңсыз кен қазушылардың әрекеті. Олар жайылым жерлерді астын үстіне шығарып қазып тастайтын көрінеді. Өрістеген мал шұңқырларға құлап, арам өліп жатқанын айтты жұртшылық.

Облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов кен қазылатын екі жүзге жуық аумақ қайта тексерілетінін айта келе қоғамдық бақылау күшейтілетінін атап өтті.

– Заңсыз кен қазушылармен күреске аудан тұрғындары да атсалысқаны жөн. Заңсыз әрекетке барғандар анықталса, бірден құқық қорғау органдарына хабарласу керек. Құзырлы орындар тексеру жүргізіп, тиісті шешім шығарады. Жер қойнауын пайдалану мәселесінде қоғам болып бақылау жүргізуіміз қажет, – деп түйді Дархан Сапанов.

Осы айдарда

Back to top button