Қоғам

Жер өңдеуді жетік меңгере алдық па?

Азамат Темірбеков

Ауыл шаруашылығы саласына қажет химиялық тыңайтқыштар дайындауда  тәжірибесі мол елордалық компания шығысқазақстандық агроном ғалымдармен әріптестік орнатпақ. Бұл туралы өңірімізге арнайы  келген «Астана-нан» компаниясының бас директоры Бекмырза Садықов хабарлады.

«Астана нан» еліміздегі пестицид өндіру бойынша алдыңғы қатарда тұрған компаниялардың бірі екенін біреу білсе, біреу білмес. Соңғы 20 жыл көлемінде Қазақстан бойынша осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан жалғыз ұйым десе де болады. Жинақтаған мол тәжірибесі мен өнімдерін шығысқазақстандық шаруашылықтармен бөлісуді жөн көрген олар жуырда Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе стансасының сұрыптаған жаңа дақылдарымен танысып қайтты.

– Өз басым, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 45 жылдың жүзі болды, – дейді Бекмырза Садықов. – Негізгі кәсібім жермен байланысты. Бүгінде еліміздің тоғыз өңірінде бөлімшелері бар біздің компания қай аймақтың болмасын шаруаларына жер өңдеу саласында көмек көрсетуге дайын. Жалпы, химия дегеніміз не және ол не үшін қажет? Әрине, бұл дақыл өсіру ісінің қатып қалған қағидасы емес. Химиялық қорғаныс дақыл өсірудің бір бөлігі ғана болуы қажет. Яғни, дақыл өсіруде біржақты химияны ғана қолдана беруге де болмайды. Сондықтан қай кезде болмасын химиялық препараттарды қолданудан бөлек, топырақ өңдеудің дәстүрлі түрлерін де ұмытпағанымыз абзал.

Оның айтуынша, бүгінгі күні адамдардың жерге деген немқұрайлығы топырақ қабатының бұзылуына әкеп соққан. Топырақты тек химиямен,  болмаса басқа бір бағытта ғана өңдеу кең етек алған. Мұның дұрыс еместігін алға тартқан маман химиялық тыңайтқыш өндіретін ұйымды басқарып отырса да топырақ өңдеу үрдісінің үйлесімді болуы керектігін айтады. Яғни, бұл істе химия, агротехника және өңдеу технологиясы қатар жүргізілуі қажет. Міне, сонда ғана шаруа егіс алқабынан жақсы түсім ала алады.

Кеңестік кезеңде елімізде химиялық тыңайтқыштың екі түрі ғана болған. Бірақ шаруашылықтар алқаптарды қалайда өңдеп отырды. Ал қазір ше? Жыл сайын химияның алуан түрін қолданамыз. Ал егістік алқаптары болса бұдан тазарған емес. Зиянкестер мен аурулар өсімдіктерді жеп жатыр. Демек бұл шаруалардың топырақ өңдеудің басқа тәсілдеріне мән бермегенін көрсетеді.

– Кеңестік кезеңде дүркіреп тұрған Степногорск қаласындағы биологиялық қару жасау орталығы тоқырау жылдары қаңырап қалды. Сол кезде «Астана-нан» компаниясы бос тұрған орталықтың ғимараттарын алып, жаңа заманға сай қайта жасақтады. Бүгінде 160 адам еңбек ететін зауыт заманауи құрылғылармен жабдықталған. 11 бағыт бойынша жұмыс істейтін кәсіпорында пестицидтердің барлық түрі өндіріледі. Қазіргі уақытта еліміз жыл сайын 22-25 млн. келі пестицид қолданады. Ал «Астана-нан» компаниясының жобалық қуаты 50 млн. келі пестицид дайындауға арналған. Яғни, біз бүгінгі таңда елімізді түгелдей  химиялық тыңайтқыштармен қамтамасыз ете аламыз деген сөз, – дейді Бекмырза Садықов.

Пестицидтерден бөлек, гербицидтер, тыңайтқыштар өндіріп, тұқым түрлерін өсірумен айналысатын ұйым осы саладағы ғылыми үрдістерді де назардан тыс қалдырған емес. Осы ретте, еліміз жыл сайын 30-дан 70 пайызға дейін егіс түсімін жоғалтатынын айтқан компания басшылығы егіс алқаптарына қауіп төндіретін зиянкестер мен аурулардың, арамшөптердің сан түрі барын алға тартты. Мысалы дәнді дақылда болатын бір ғана сабақ таты ауруын алып қарайық. 1960 жылдары аталмыш ауру биологиялық қарудың бір түрі болып саналған. Бұл ауру егістікті екі-үш күнде қара күлге айналдырып жібереді екен.

– Менен кейбір адамдар «химияны жыл сайын қолдансаңдар да зиянкестердің азайғаны байқалмайды» деп сұрауы мүмкін.   Сол себепті химиялық препараттармен қоса ауыл шаруашылығы дақылдарын агротехникалық жолмен өңдеу технологиясын да қатар алып жүру қажет. Қарапайым саяжайда көкөніс өсірген кезде химиялық препараттарды қолданбаймыз ғой. Біз топырақты қазамыз, қопсытамыз, түптейміз, тағы басқа шаруаларды істейміз. Егіс алқаптарын да осылай өңдеуге кім кедергі?  Биыл да ел өңірлерінің біразын құрғақшылық жайлағаны белгілі. Бір ғана Қостанай облысында 500 мың гектар алқап жарамсыз болып қалды, – дейді ол.

Құрғақшылық Шығыс Қазақстанның  кейбір аумақтарына да зиянын тигізуде. Әсіресе Ертістің сол жағалауындағы  аудандарда  түсім жылдағыдай емес. Сондықтан күн райы мен түрлі ауруларға төтеп беретін дақыл түрлерін өсіру, оларды химиялық қорғау бірінші кезекте тұрған мәселе. Осы орайда, шығысқазақстандық агроном ғалымдармен тәжірибе алмасуды ойлаған елордалық кәсіпорын алдағы уақытта бірлесе отырып ауыл шаруашылығы саласында бірқатар ірі жобаны жүзеге асырмақ.

– Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе стансасының мамандары дақылдардың жаңа сорттарын өсірсе, біз ол дақылдарды зиянкестер мен аурулардан қалай қорғау қажеттігін зерделейтін боламыз. Ауа райының қолайсыздығына, зиянкестер мен ауруларға төтеп беретін дақыл түрі сұрыпталса қуанып отыратын жайымыз бар. Қай кезде болмасын түсімнің 35-40 пайызы дақылдың сортына, ал қалғаны  оны баптауға байланысты, – деп түйіндеді Бекмырза Садықов.

 

Осы айдарда

Back to top button