Қоғам

Жеңімпаз желтоқсанда анықталады

Мейрамтай Иманғали

 

Шығыс Қазақстан өнер музейінде өтіп жатқан «Дала дидары» облыстық өнер фестивалі жүздеген таланттың көзін ашқаны рас. Ел іші – өнер кеніші. Ауылдағы бейнелеу өнері мен қолөнер шеберлерін жарыққа шығару, өнеріне қолдау көрсетуді мақсат еткен фестиваль тізгінін бұл жолы Жарма ауданы мен Курчатов қаласы алды.

Бүгінгі таңда жобаға облыстың 14 ауданы қатысыпты. Қазірдің өзінде, байқаудың алдын ала нәтижесіне сүйенсек, біздің өңір таланттарға өте бай екен. Қазақтың дәстүрлі қолөнерінің құпиясын бойына сіңірген шеберлермен қатар, жас авангард суретшілердің жаңа бір толқынының қалыптасып келе жатқаны байқалады. Бұл жолғы көрме де қос ауданның  концерттік бағдарламасымен басталды.

Жарма – Шығыс Қазақстанның орталық аймағы,  оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын керуен жолында орналасқан стратегиялық маңызға ие аудан. Бұл өлкенің тарихы жоңғарларға қарсы соғысқан Абылай ханның серіктері – Ер Жәнібек, Еспенбет секілді аты аңызға айналған батырлардың есімдерімен белгілі. Көрмеге келушілерді музейдің кіреберісіне қойылған қазақтың ақбас бұқасының мүсіні қарсы алды. Бұл асыл тұқымды  жануар – Жарма ауданының ғана емес, бүкіл Шығыс Қазақстанның мал шаруашылығының бренді екені сөзсіз. Мүсін авторы  –  Манат Еркінбеков. Сондай-ақ Манат жасаған  алып тайқазан да өте сәтті шығыпты.

Жалпы көрмеге жармалық жиырма жеті суретшінің жұмысы қойылыпты. Олардың қатарында Болысхан Қуаханұлы, Марат Тонтаев, Мәди Қайырхан, технология пәнінің мұғалімдері Нұрбану Байбатшаева мен Жанар Омарова секілді кәсіби білімі бар авторлар да бар.

Сондай-ақ көрмеде жармалық жас дизайнер Алуа Рымбек өзінің тоқыған  киім үлгілерін ұсынды. Қаратөбе ауылынан келген жас суретші Анар Оралбекованың графикалық жұмыстары да  көрмеге келушілерді тәнті етті.

Ал Курчатов қаласы еліміздің атом технологияларының орталығы болып саналады. Курчатов – ғылым мен білімнің ғана емес, өнердің де ордасы. Оған бүгінгі көрме куә. Курчатов қаласы өнер шеберлерінің экспозициясын Вера Мартусеваның көркем пейзаждары мен гүл композициялары, Татьяна Кириллованың акварель бояулары, Тойлас Кинаят, Елена Дементьева мен Гіміңгүл Адақан кестелеген картиналар безендіріпті. Әйгерім Төкенова өз жұмысын Абай Құнанбайұлының образына арнапты. Курчатов қаласындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы үйінің директоры Екатерина Никитенко облыстық көрмеде дизайнерлік ойыншықтарды қалай жасау керек екенін көрсетіп, шеберлік сабағын өткізді.

Жарма ауданы мен Курчатов қаласының бейнелеу өнері мен қолөнер шеберлерінің көрмесін 14 қарашаға дейін тамашалауға болады. Бейнелеу өнері байқауының жеңімпаздары 23 желтоқсанда «Дала дидары» фестивалінің қорытынды көрмесінің ашылуында анықталады.

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button