Қоғам

Жеңіл атлеттеріміз екі додадан олжалы оралды

Нұржан Кенжеұлы

Шығысқазақстандық жеңіл атлеттер қатарынан өткен екі ірі халықаралық жарыстан олжалы оралды.

Алдымен жерлестеріміз Бішкекте өткен байрақты бәсекеде көзге түсті. Қырғыз елінің астанасында Татьяна Колпакованың жүлделері үшін халықаралық турнир өтіп, оған ондаған елдің мықтылары қатысқан болатын. Бұл додада біздің облыстың намысын екі спортшы қорғап, жарыс қорытындысы бойынша екеуі де жүлдегерлер қатарынан көріне білді.

Атап айтсақ, ерлер арасындағы 100 метрге жүгіру бәсекесінде сынға түскен Андрей Лаврушенко аталмыш қашықтықты 10,83 секундта еңсеріп, сайыс жеңімпазы атанса, тағы бір алтын жүлдені найза лақтыру ісінің шебері Артур Гафнер жеңіп алды. Оның нәтижесі 71,46 метрге тең келді. Осы ретте, Гафнер мұнымен тоқталып қалмай, тағы бір сайыста топ жарғанын айтқан жөн. Жерлесіміз ядро лақтыру жарысында (нәтижесі 12,96 метр) да алдына жан салмады.

Бішкектегі турнирден кейін іле-шала тағы бір жарыстың тұсауы кесілді. Бұл жолы әлемнің 14 елінің мықтылары Алматыда бас қосты. Дәл осы күндері Алатау бөктерінде даңқты жерлесіміз, 1960 жылғы Рим Олимпиадасының жүлдегері Ғұсман Қосановтың мемориалы өткен болатын. Жарысқа облысымыздың атынан бірнеше спортшы қатысып, жүлдеге таласқан-ды. Арасында жоғарыда аты аталған Андрей Лаврушенко да болды. Андрей бұл жолы жекелей сында жүлдеге ілікпесе де, командалық сайыста үздіктер қатарынан көрінді. 4х100 эстафетасында бақ сынаған Лаврушенко ұлттық құрамадағы әріптестерімен бірге алдына Тай елінің мықтыларын ғана жіберіп, күміс медальға ие болды.

Сол сияқты, Алматыдағы жарыста Артур Гафнер (найза лақтыру, алтын медаль), Алексей Хлыстов (найза лақтыру, күміс), Елизавета Матвеева (биіктікке секіру, күміс) мен Анастасия Рыпакованың (ұзындыққа секіру, қола) да қанжығасы майланды. Тағы бір күміс жүлдені ел қоржынына 4х400 эстафетасына қатысқан жерлесіміз Андрей Соколов салды.

Осы айдарда

Back to top button