Қоғам

Жемшөппен бірінші кезекте қамтылады

Азамат Темірбеков

Биыл облыста мал азығы өткен жылдарға қарағанда көбірек дайындалып, шабындығы мен техникасы жоқ тұрғындар жемшөппен бірінші кезекте қамтылады. Бұл туралы журналистермен болған баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы  хабарлады.

Мамандардың есептеуінше, алдағы қыс маусымына барлығы 2 млн. тонна шөп, 122 мың тонна пішендеме, 250 мың тонна сүрлем, 245 мың тонна концентрациялық жем және 250 мың тонна сабан дайындалуы қажет. Алайда өткен жылдардағы жағдайларды ескерген жергілікті билік алдағы қысқа 2,5 млн. тонна жемшөп дайындауды мақат етіп отыр. Осынша көлемдегі мал азығымен 1,3 млн бас түлікті қыстамадан аман-есен алып шығу керек.

– Былтыр 1,8 млн. тоннаға жуық мал азығы дайындалды. Жүргізілген зерттеулерге сенсек, кейінгі жылдары өңірде осынша көлемде жемшөп жыл сайын дайындалады екен. Бұл қыстамаға тұрған әр бас малға 1,4 тоннадан келеді деген сөз. Бүгінгі күні облыс бойынша техникалар жеткілікті. Қазіргі уақытта өңірімізде 488 мың гектар бекітілген шабындық жер болса, 276,5 мың гектар аумаққа біржылдық және көпжылдық шөп отырғызылады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян.

Өңірімізде пішендеме дайындау маусымы жыл сайын 2-2,5 айға созылатыны белгілі. Қолда бар деректерге сүйенсек, бүгінге дейін облысымызда 1167 мың тонна шөп жиналған. Бұл қажетті мөлшердің 47 пайызына тең. Сондай-ақ пішендеменің 66%-ы, силостың 5%-ы, концентрациялық жемнің 6%-ы дайындалды.

Басқарма басшысының айтуынша, шөп шабу науқанын 15 қыркүйекке, ал сүрлем жабу жұмыстарын бірінші қарашаға дейін аяқтау жоспарланған. Бүгінгі күні облыстың аудан-қалаларында мал азығының дайындалуын қадағалап отыратын жедел штабтар құрылған. Ол штабтар тиесілі шабындығы немесе техникасы жоқ шаруашылықтарға жемшөптің қолжетімді бағаға жеткізілуін қадағалап отырда. Биыл жаздағы құрғақшылық ескеріліп, ұлттық парктер мен орман шаруашылықтары аумақтарынан да шөп шабуға рұқсат берілді. Бұл аумақтардан 30 мың гектарға жуық жер телімі қарастырылған. Оған қоса өңір тұрғындарын қажетті мөлшерде мал азығымен қамтамасыз ету үшін облыста жемшөп дайындайтын 2100 бригада құрылды. Аталмыш бригадалар жеке шаруашылықтарға арнап 127 мың тонна шөп дайындауы керек. Қазіргі таңда жеке шаруашылықтар өздеріне қажетті жемшөп мөлшерінің 40 пайызын дайындап үлгерген.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл құрғақшылық Бесқарағай, Тарбағатай, Аягөз, Көкпекті, Жарма, Ұлан, Абай аудандары мен Семей қаласының аумағында ерекше байқалған.

– Құрғақшылық мал азықтық дақылдардың және табиғи шөптің өсетін кезіне дөп келді, – дейді Владимир Гайламазян. – Осы себепті шығым төмендеді, шөп сұйық. Енді біздің алға қойып отырған мақсатымыз – қолында түлігі бар алайда тиесілі жайылымы мен техникасы жоқ тұрғындарды бірінші кезекте мал азығымен қамтамасыз ету болып табылады. Сәтін салса, біз бұл жұмысты тамыз айының соңына дейін толық ретке келтіреміз деп ойлаймын.

Айта кетсек, бүгінгі күні құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің ішінде мал азығын өте аз дайындаған Тарбағатай ауданы. Дегенмен жағдайды бақылауда ұстап отырғанын алға тартқан аудан әкімдігі өзге өңірлерден жемшөп тасымалдау қажеттігін тудырмауға бағытталған барлық шара атқарылып жатқанын айтты. Әзірге облыс өңірлерінің ішінде жалғыз Абай ауданы ғана сырттан 50 мың тонна жемшөп тасымалдайтынын хабарлаған. Қазіргі уақытта олар 20 мың тонна шөпті Бесқарағай ауданы мен Павлодар облысынан жеткізіп қойған екен.

– «Қазгидромет» мекемесінің деректеріне сүйенсек, биыл облыс бойынша түскен ылғал көпжылдық орташа норманың 72 пайызына жуықтаған. Яғни, ылғалдың жеткіліксіздігі байқалуда. Сол себепті біз халықты мал азығымен қамтуды қатаң бақылауда ұстайтын боламыз. Шемжөп жетпей жатса тұрғындар жергілікті әкімдіктерге немесе тікелей ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласып, көмек сұрай алады, – деп қосты Владимир Гайламазян.

 

Осы айдарда

Back to top button