Antikor LiveТОП

Жемқорлардың дені бірінші басшылар

Өткен жылы сыбайлас жемқорлық салдарынан келтірілген шығын көлемі 2019 жылмен салыстырғанда үш есеге артқан. Мамандар Шығыс Қазақстанда жемқорлық әрекеттердің азаймай тұрғанына алаңдаулы.

 

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өткен жылды қорытындылап брифинг өткізді.  Ведомство басшысы Ерлан Жалмағамбеттің берген мәліметтеріне сүйенсек, былтыр өңірде 162 қылмыс тіркеліпті. Олардың 87%-ы сыбайлас жемқорлыққа қатысты жасалған. Басым бөлігі сол баяғы ұрлық пен парақорлық. Аса ауыр және ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар 8-ге артқан, осындай 129 факті әшкереленген.

2019 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін  86 тұлға істі болса, 2020 жылы 97 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың үшеуі республикалық деңгейдегі, оны облыстық деңгейдегі, алтауы қалалық және аудандық деңгейдегі бірінші басшылар екен. «Балық басынан шіриді» деген осы шығар. Салыстырмалы түрде алсақ, 2019 жылы республикалық деңгейдегі бірінші басшыдан біреу ғана құрыққа ілініпті. Осыған қарап облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының жұмысы ширай түскені байқалады.

-Уақтылы жүргізілген жедел іс- шаралардың нәтижесінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келген 10 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталып, 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметіне араласқан 11 факті тіркеліп, 12 адамды сот кінәлі деп таныды. Осылайша 15 кәсіпкердің құқығы қорғалды, – деп жалғастырды Ерлан Нағашыбайұлы.

2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері өз бейіні бойынша 176 істі сотқа жіберген. 2019 жылы қылмыскерлер 502,7 млн. теңгені жымқырса,  биыл жемқорлар келтірген шығынның жалпы көлемі үш есеге дейін артып, 1,4 миллиард теңгені құрады.  Алайда бұл соманың басым бөлігін – 1,3 млрд. теңгесін жемқорлар өтепті.

– Өтеу сомасы өткен жылдардың көрсеткіштерінен едәуір асып түсті, – деп атап өтті ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ерлан Жалмағамбет.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button