Әдеп жөніндегі кодекс

Жемқорлар үшін жаза барынша қатаңдатылды

Дәурен Аллабергенұлы

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты ұлттық тәжірибе мен озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, қоғамның сұраныстарына сай үнемі жетілдіріліп келеді. Президенттің ағымдағы жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп жөніндегі кодексіне өзгерістер енгізілгені белгілі. Маңызды құжаттың жаңа редакциясындағы өзгерістерді өңірге арнайы іссапармен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Өркен Алшынбаева түсіндірді. 

Жоғарыдағы министрлікке қарасты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаменті базасында өткен кездесуде ол ең алдымен ел Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресті мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде атайтынын атап өтті.

Қоғамдық сана түбегейлі өзгереді

– Ағымдағы жылдың 2 ақпанында Президенттің Жарлығымен елімізде 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа Тұжырымдамасы қабылданды. Соған сәйкес Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге, халықтың сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің кез келген нысандарын қабылдамауына, алдын алу шараларының басымдығына көшуді көздейді. Сыбайлас жемқорлықты мүлдем қабылдамауға сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру, тәрбиелік және білім беру шараларын жүйелеу, мемлекеттік аппарат пен бизнес-қоғамдастық өкілдерін парасатты мінез-құлыққа ынталандыру арқылы қол жеткізілетін болады, – деп атап көрсетті Өркен Болатқызы.

Оның айтуынша, соңғы жылдары еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьялар үшін шетелдік банктердегі шоттарды иеленуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізілген.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне қызметтік міндеттерін орындауға байланысты сыйлықтар алуға және сыйлық беруге толық тыйым салу көзделген.

Бұған қоса, аталған адамдардың жақын туыстарымен, жұбайларымен және жекжаттарымен бірге қызмет (жұмыс) істеуіне жол бермеу туралы нормалар күшейтілді. Мемлекеттік лауазымға кандидаттар мемлекеттік ұйымда жұмыс істейтін туыстары туралы хабардар етуге міндетті.

Мұнымен қатар онлайн-режимде шағымдарды ыңғайлы және жылдам беруге мүмкіндік беретін «е-өтініш» арнайы сервисін енгізу арқылы азаматтардың өтініштерімен жұмысты қайта іске қосу жүзеге асырылған.

Коррупция үшін екі аудан әкімі қызметінен кетті

– Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын және сыбайлас жемқорлықпен күреске өзге де жолдармен жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді. Енді сыйақылар бұрынғыдай жемқорлық фактісін айтып бергеніне емес, пара мөлшеріне немесе келтірілген залалға байланысты төленеді. Егер пара көлемі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, оны хабарлаған адам сыйақы ретінде соның он пайызымен марапатталады. Ең жоғары төлем төрт мың айлық есептік көрсеткішті құрауы мүмкін. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде өмір бойы жұмыс істей алмайды, – деді министрліктен келген әдеп жөніндегі уәкіл.

Кездесуге қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өңірлік департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев өз сөзінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілер мен арасындағы делдалдардың сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін санкциялар қатаңдатылған.

– Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасап сотталғандар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану мүмкіндігі алынып тасталды. Парақорлық үшін жазаны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде бірден өтеуге тыйым салынды. Мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларына қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлық қылмысы үшін дербес жауапкершілік институты енгізілді. Мұндай жағдайлар біздің облыста былтыр және биыл Глубокое, Бородулиха аудандарында тіркелді. Екі жағдайда да аудан әкімдері өз орынбасарларының қылмыстық әрекеті үшін жауапкершілік арқалап, қызметінен кетті. Егер жемқорлық фактілерімен бетпе-бет келсеңіз, бірден біздің 1424 cаll-орталыққа, не 298-888 нөмірі арқылы кезекші бөлімге хабарлаңыздар. Барлық шағымдарға тәулік ішінде жауап беріледі, – деді Талғат Мамырбекұлы.

Яғни, енді кез келген басшының не мемқызметшінің әлеуметтік жағдайы, үйі, мініп жүрген көлігінің бағасы – бәрі де ай сайынғы алатын жалақысына сәйкестігі тексеріледі. Егер ата-бабасынан қалған дүние болмаса.

Сондай-ақ тұжырымдамаға сәйкес мемлекеттік аппарат арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жаңа құралдар енгізілуде. Атап айтқанда, «Integrity Check» парасаттылыққа тексеруді енгізу тетіктері әзірленуде. Бұл жауапсыз қызметшілерді дер кезінде анықтауға және жұмыстан босатуға, олардың мемлекет пен қоғамға қарсы сыбайлас жемқорлық әрекеттер жасауының алдын алуға мүмкіндік береді.

Азаматтық қоғамды кеңінен тарту қажет 

Сондай-ақ тұжырымдамада орта мерзімді перспективада шешуді талап ететін негізгі проблемаларға ерекше назар аударылған

– Біріншіден, бұл – «тұрмыстық» жемқорлық, себебі парақорлықтың үлкен үлесі осымен байланысты. Өкінішке қарай, қоғамда «қандай да бір игілік алу немесе қандай да бір мәселені шешу үшін беру оңайырақ» деген пікір әлі де бар. Мұндай фактілер облыста денсаулық сақтау, ішкі істер салаларында, ЖОО мен балабақшаларда көп кездеседі. Көрсеткіштер 55 пайызды құрайды, республика бойынша үшінші орында тұрмыз.  Екіншіден, бюджет қаражатын бөлу процесінің жоғары сыбайлас жемқорлық осалдығы. Теріс практиканың негізгі себебі – жоспарлау жүйесі мен бюджет қаражатын игеру арасындағы өзара байланыстың жеткіліксіздігі. Бюджеттік өтінімдер көбінесе жауапты тұлғалар мен үлестес компаниялардың негізсіз жоғары баға ұсыныстары негізінде қалыптастырылады. Бұдан әрі сатып алулардың ашықтығы жеткіліксіз. Мәселен, 2020 жылы бюджет шығыстарының жалпы сомасындағы мемлекеттік сатып алу үлесі 35%-ды құрады, ал бұл Қазақстанның ЖІӨ құрылымында 7%-ды құрайды. Яғни, бұл нарыққа айтарлықтай елеулі экономикалық әсерін тигізе алады. Бюджет қаражатының мұндай айналымы мемлекеттік сатып алу жүйесінің сыбайлас жемқорлыққа тартымдылығын күшейтеді, өйткені әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы осы салада жасалып отыр, – деді Талғат Башев.

Мамандар атап өткендей, төртіншіден, мемлекеттің экономикаға қатысуының жоғары деңгейі. Экономикаға мемлекет қатысуының елеулі үлесі экономикалық қызмет субъектілері арасындағы бәсекелестікті тежейді, мықты жеке сектордың қалыптасуына кедергі келтіреді және елдің экономикалық өсудің жаңа моделіне көшуін тежейді.

Бесіншіден, азаматтық қоғам институттарының мемлекетпен сындарлы өзара іс-қимыл тетіктерінің жетілмегендігі. Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдердің тәжірибесі оны барынша азайтудың басты шарты – азаматтық қоғамның кеңінен тартылуы екенін көрсетуде.

Алтыншы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігі мониторингінің жетілмеген жүйесі

«Барлық субъектілер, салалар мен аумақтар бөлінісінде сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалаудың бірыңғай ұлттық жария жүйесі жоқ. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары, квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлігінде өлшенетін нысаналы көрсеткіштердің түпкілікті, негізделген, түсінікті және тұрақты тізбесі жоқ», – дейді жиынға қатысушылар.

– Тұтастай алғанда, тұжырымдамаға сәйкес қол жеткізілген нәтижелерді, халықаралық стандарттарды және алдағы кезеңге арналған стратегиялық мақсаттарды ескеретін тұтас сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту жалғасады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әзірленген шаралар оның алғышарттарын, әсіресе «тұрмыстық» алғышарттарды түбегейлі жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға азаматтық қоғамды кеңінен тартуға бағытталады, – деді жиынды қорытындылап, қатысқан мемқызметшілердің сауалдарына жауап берген Өркен Алшынбаева.

Дәурен Аллабергенұлы

Back to top button