Қоғам

Желтоқсанның ызғары Шығысты да шарпыған…

 1986 жылы ел астанасы Алматыда және еліміздің өзге де аймақтарында болған «Желтоқсан оқиғасы» осы күнге дейін көп қырлары ашық айтылмай, бүркемеленіп, бұрмаланып, одан қалса құпия сақталып келе жатқан өте күрделі тақырып.

Оның күрделілігі сол – қарапайым халық алаңға шыққан қазақ жастарының әрекетін «Ел тәуелсіздігін аңсаушылар», «70 жыл бойғы жүргізіліп келген тоталитарлық режимге қарсы шығушылар» деп ерекше құрметпен бағаласа, сол кездегі коммунистік билік алаңға шыққан күллі қазақ ұлтының азаттық аңсаған ұл-қыздарын «Кеңестік режимге қарсы шығушы нашақорлар, маскүнемдер мен хулигандар», «Ел тыныштығын бұзушы бұзақылар» деп аяусыз ұрып-соғып, нақақтан-нақақ соттап жазалағаны аздай, осы күнге дейін күстәналап, қара күйе жағумен келеді.

Әрине, бұл тақырыпты «Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді қырық жыл бұрынғы оқиғаны қайта қозғаудың қажеті қанша?» деп жылы жауып қоя салсақ та немесе жауырды жаба тоқып, сылап-сипап өте салсақ та болар еді…

Ол күндерді ұмытуға болмайды

 Алайда «Желтоқсан оқиғасына» орай мемлекеттік деңгейде тексеру комиссиясы құрылып, сол кездегі тоталитарлық жүйенің қазақ жастарына жасаған озбырлығы мен опасыздығын, он екіде бір гүлі ашылмаған жастарымыздың тағдырына саналы түрде балта шапқан қаныпезерлігін түрлі дерек-дәйектермен толық дәлелдеп бергендігіне қарамастан, бүгінгі күннің өзінде «Желтоқсан оқиғасы» жайлы немесе желтоқсаншылардың сол кездегі ерлік әрекеттері жайында сөз бола қалса, қарадай көзі шатынап, шеке тамырлары адырайып шыға келетіндер әлі де бар арамызда.

Бұл нені білдіреді? Бұл – тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл  боп қалса да, «Желтоқсан ақиқатының» әлі күнге дейін ашылмағандығын, халық тарапынан әлдеқашан мойындалған ұлт көтерілісінің билік тарапынан мойындалмағандығын, шындық атаулының бүгінгі күнге дейін бүркемеленіп, тұншықтырылып келе жатқандығының айғағы.

«Желтоқсан оқиғасы» сөз бола қалса, кірпідей жиырылып, «Олар ешқандай да азаттық аңсаушылар емес, нашақорлар мен маскүнемдер, көше бұзықтары» деп ескі әуендеріне басатын әпербақандар арамызда әлі де бар екендігіне төмендегі мына бір шағын сұхбат толық дәлел бола алады.

Жақында редакцияға 25 жыл ішкі істер органында қызмет еткен, шені полковник Ержан Иманбаев деген ағамыз хабарласып, 86-шы жылғы көрген-білгендерін әсірелемей-ақ, көпшілікпен бөліскісі келетіндігін айтты.

– Жақында Инстаграмм парақшаларының бірінде Жаңа жыл мерекесіне арналған бір пост жарық көрді. Асықпай оқып болғасын, тәуелсіз елдің азаматы ретінде: «Алдымен еліміздің Тәуелсіздік мерекесін атап өтейік, сосын Жаңа жылға да жетерміз» деген сарында пікір қалдырған едім. Қалдырғаным бар болсын, пікірімді жариялағаным сол екен, қып-қызыл пәлеге қалдым, – дейді шыр-пыры шыққан полковник ағамыз…

– Сендердің (қазақтардың) Алматыдағы «желтоқсаншылар» деп жер-көкке сыйғызбай дәріптеп жүргендерің шеттерінен «нашақор», «маскүнем», ауылдан қалаға қаңғып келген «қаңғыбастар», «санасыз студенттер», алаңда тегін таратқан арақты ішіп ап, көздеріне көрінгеннің бәрін қиратқан «хулиган, жабайылар» дей ме. «Сендер барып тұрған оңбаған халықсыңдар, сол кездегі кеңестік жүйенің түп-тамырына балта шауып, күллі Кеңес өкіметінің түбіне жеткен сендерсіңдер» дей ме, Құдай сақтасын, құдды бір қаптаған шибөрілердің талауында қалғандай күй кештім. Мені қайран қалдырғаны, қайран қалдырып ғана қоймай, қанымды басыма шаптырғаны – әлгі «шибөрілердің» барлығы өзге ұлт өкілдері болса не керегі бар. Өзге атты жамылып жазып отырса өздері білсін, арасында қазақша есімділері де толып жүр.

Сонда деймін-ау, біздің халқымыздың, кешегі егемендік аңсаған жастарымыздың, ел тәуелсіздігі үшін басын қауіп-қатерге тігіп, шырылдап отқа түскендері, қандары нақақ төгіліп, қыршындарынан қиылғандарының барлығы зая болғаны ма? Қаншама адам із-түзсіз кетті, қаншама ұлымыз бен қызымыз қыршынынан қиылып, өмір бойы мүгедек боп қалды? Қаншасы жазықсыздан-жазықсыз жұмысынан, оқуынан қуылып, еш дәлелсіз сотталып кетті?

Сонда біздің аяулы да ардақты «желтоқсаншыларымыз» жайындағы бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің жастарының таным-түсінігі осы болғаны ма?

Ереке, Алматыдағы оқиға жайлы осы уақытқа дейін айтылып та, жазылып та келеді. Дәл сол кезде Өскемендегі жағдай қалай болды?

– 1986 жылы желтоқсанда мен Өскемендегі Октябрь аудандық ішкі істер бөлімінде жедел қылмыс іздеу бөлімінің бастығы едім, шенім майор. Желтоқсанның 16-сы күні кешкілік басшыларды қалалық атқару комитетіне шақырды. Сағат сегізде (20.00) «Дабыл» деген ішкі жиын болды. Сол жиында қалалық партия комитетінің өкілі хабарлама жасап: «Алматыда қазақ жастарынан шыққан маскүнем-нашақорлар бас көтеріпті. Оларға санасыз студенттер қосылып шу шығаруда. Сондықтан қаламызда тәртіп орнатуымыз керек!» деген бұйрық айтылды. Сол күннен бастап қаладағы тәртіп өзгерді. Әрбір орта, жоғары оқу орнында, олардың жатақханаларында төрт-бес ішкі істер қызметкерлері, оқу орны басшылары, төрт-бес адамнан жасақталған «халық жасақшылары» құрылып, күні-түні сонда тұрып, сол жерде түнеді. Қайран қаларлығы, әлгілердің арасында бірде-бір қазақ нәсілді азаматтар болмады. Барлығы да орыс ағайындар немесе қазақтан өзге ұлт өкілдері. Өйткені сол уақытта қалалық партия комитетінің нұсқауы бойынша қалада неше пайыз қазақ тұрса, өнеркәсіпте, ІІМ, КНБ да сонша ғана қазақ жұмыскері болуы тиіс еді. Ол кезде Ішкі істер министрлігінде қазақтардың  үлесі 13-15 пайыз ғана болатын.

 Жазығы жоқ жандарды «қылмыскер» деп соттады

  Сіздерге де арнайы тапсырмалар берілген болар?

– Бізге арнайы тапсырма бергендері сол, жиын өткен күннен бастап қазақ нәсілді милиция өкілдері үйге қамалды. Учаскелік инспекторлардың жанына екіден-үштен орыстар бекітіліп, барлық жағдайды өздері бақылауға алды. «Халық жасақшылары» да бірыңғай орыс ұлтының азаматтарынан іріктеліп, солар ғана төрттен-бестен көшеге шықты. Олардың барлығы толығымен автотехникамен қамтамасыз етілді. Оларға ірі-ірі кәсіпорын басшылары қалалық партия комитетінің бұйрығымен Волга, Уаз секілді қызметтік машиналарын беріп қойды.

Мен өзім сол уақытта төрт күн бойы Октябрь аудандық бөлім ғимаратынан шықпадым. Шығуға рұқсат бермеді. Сол кезде аудандық бөлім басшысының орынбасары В.Еловиков екеуіміз мүлдем бөлек өмірде болғандаймыз. Екі сағат сайын кезекші бөліміне барып, оперативтік жағдаймен танысамыз.

Сол күндердің бірінде, кешкілік мәлімет алайын деп кезекші бөлімге түссем, «халық жасақшылары» 17-18 жастағы қазақ баласын ұстап әкеліпті. Ұмытпасам, медицина училищесінің оқушысы. Оның қойнынан ескі радиоқабылдағыштың ұзын сирағынан кесіп жасалған, ұзындығы 20 см-ден аспайтын, екі басы кендір жіппен байланған бір зат тауыпты. Жанымдағылардың барлығы орыс азаматтары болғандықтан, әлгі балаға жаным ашып, қазақшалап: «Көшеден тауып алдым, осында тапсырғалы келе жатқам» деп айт десем, ол қорыққанынан, «қорғану үшін өзім жасап алғам» деп айтып қойыпты…

Бұл  сол жердегілерге кәдімгі іздегенге, сұраған болды да шықты. Содан не керегі бар, 10-15 минут өтер-өтпесте облыстық эксперт-криминалистік бөлім басшысы, марқұм полковник М.Губушкин келді де, әлгі «ойыншықты» сараптама жасауға алып кетті. Бір сағат өтпей «Зат ұрып-соғуға арналған құрал» деген сараптама шығарды да, әлгі баламыз тергеу изоляторынан бірақ шықты.

Ол кезде мен ішкі істер саласында 14-15 жыл істеп, едәуір тәжірибе жинақтаған, біраз дүниенің байыбына бара алатын дәрежедегі қызметкермін. Бірақ бұрын дәл осындай баланың ойыншығына ұқсас «ұрып-соғу» құралымен ұсталған жастарды, мейлі қандай ұлт баласы болса да жұмсақ жерінен бір уқалап, үйлеріне қайтарып жіберетінбіз. Бұл жолы өйтпеді, жап-жас балаға қылмыстық іс қозғалды.

Ақыры соттап жіберді ме?

– Иә, сол болмашы зат үшін соттап жіберді.

Мұндай жағдайлар көп болған шығар?

  • Болды. Өзім куә болған тағы бір жағдайды айтайын. 18 желтоқсан күні кешкісін «Өзендік порт» жайынан шыққан тағы да сол «халық жасақшылары» Жамбыл саябағынан бір қазақ баласын ұстағандарын, ол баланың машинаға отырмай, оларды итергені туралы өзара сөйлеп тұрғандарын қалалық партия комитетінің нұсқаушысы естіп қап, облыс прокуроры М.Азаровқа жеткізеді.

Бөлімде жатқан бізге, «Бұзақыны анықтап, бөлімге жеткізсін!» деген бұйрық түсті. Анықтасақ, ол армия қатарынан күзде ғана оралған Катонқарағайдың тумасы, ТМК-ның жұмысшысы, 1965 жылы туған Азамат Баянғазин деген жігіт екен. Согра кешеніне телефон соғып, Азаматты да бөлімге алғыздық. Сұрасақ, ол Жамбыл саябағында «Юбилейный» кинотеатрына жалғыз өзі киноға бара жатып ұсталыпты. Бес «халық жасақшысы» Волга автокөлігіне отырған кезде сыйыспай, бірі Азаматтың тізесіне отыра кетсе керек. Азамат соны «дұрыс отырыңыз» деп итермелегенін айтты.

Аудан прокуроры В.Белянин біздің көзімізше облыс прокуроры М.Азаровқа бұл жерде ешқандай қылмыстық іс жоқ екендігін баяндап еді, облыс прокуроры А.Баянғазинді дереу өзіне алып келуді бұйырды. В.Еловиков екеуіміз конвоймен алып бардық. Сол жерде М.Азаров аудан прокурорын «Қылмыскерді неге қорғаштап тұрсың?» деп жерден алып, жерге салып, біздің көзімізше боқтап-боқтап кабинетінен қуып шықты.

Сонымен, бұл уақиғаның соңы немен бітті?

– Немен біткені сол, М.Азаров деген барып тұрған сұмырай екен. Әлгі жігітке қылмыстық іс қозғатып, әуелі жеті жыл сұрап, одан бес жылға түсіріп, ақыры апелляция жазып жүріп жазығы жоқ адам екі жылға сотталып кетті.

Сол күндері әрбір партия ошағында жиналыс ашылып, қазақ жастарына қара күйе жағылумен болды. «Қазақ тілі не керек? Қазақ балабақшаларының қажеті қанша?» дегенді өзімізбен бірге жүрген қаруластарымыздан естігенде не күлерімізді, не жыларымызды білмедік қой.

Желтоқсан оқиғасынан кейін Өскеменнің өзінде қаншама қазақ жастары жұмыстан қуылып, оқудан шығарылды. Алматыда соққы жеген ұл-қыздарымыздың қаншасы мүгедек боп қалды. Бүгінгі жас ұрпақ, қазақ жастарының өмірлерін қатерге тіге жүріп әкелген тәуелсіздіктің қадір-қасиетін білуі керек.

Менің жас ұрпаққа айтарым осы ғана, – дейді Иманбаев Ержан ағамыз.

Иә, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресі бір ғана «Желтоқсан оқиғасымен» шектелмейтіндігі баршамызға аян. Жоңғар шапқыншылығы мен қолдан жасалған ұлы аштықты айтсақ та жетіп жатыр.

Сондықтан қолымызда барды бағалап, Тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағын биікте желбірете білсек, елдігіміз нығая түсері анық.

Серік Құсанбаев

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button