Руханият

«Желқайық» – қоғамның бүгінгі көлігі

Танымал жазушы Тұрысбек Сәукетаев осы көлемді романында тіршіліктің, сан қырлы боямасыз өмірдің деректі баянын оқырманға көркем тілмен, оқыс оқиғалармен, бүгінгі тірлікті кеңестік кезеңдегі ашаршылық зобалаңы, сталиндік репрессия, соғыстың салған жарасы, одан бергі атом сынақтарының, Чернобыль апатының зардаптарымен сабақтастыра отырып, шынайы суреттеп бере білген.

Он сегіз тараудан тұратын шығармаға өзек, арқау болып тұрған екі басты желіні мен бөліп айтар едім. Оның біріншісі – ғылым тақырыбы. Дарынды, талантты жас ғалым, алайда отызға таяғанымен аспирантураға түсуге «кезегі келмей» жүрген Бахтияр – романның бас кейіпкері. Көп көрініс, көп оқиға соның атынан, соның көңіл-сезімімен баяндалып отырады. Ғылыми тақырыбы, жұмысы дайын болса, ол неге төрт жыл талпынып, аспирантураға түсе алмай жүр? Оның себебін профессор Ахметов бірауыз сөзімен былайша түйіндейді:

– Қоғамдағы былық-шылықтың ғылымға кеңірдектеп кіргені өкінішті-ақ. Есірген бюрократтарға мәнсап-байлық аздық етіп, енді ғылыми атақты керек ете бастады. Олар қымбат галстук, сөлкебай сияқты ғылымды бойларына сәнге таққысы келеді. Сондықтан қазір ЦеКаның атшысынан райкомның хатшысына дейін қаптаған кандидат, қаптаған доктор. Одан қалды, қатын-баласы, ойнасына дейін тықпалайды. Бұл қалпымызбен қайда барамыз?..

Романдағы осындай эпизодтар дәл қазіргі өмірде де аз емес екендігі анық. Ат төбеліндей шынайы ғалым Ахметовтардың арқасында күн көріп жүрген Қосымхан сияқты, Аманбаев сынды «көшірме ғалымдар» қаптап жүр емес пе?!

Романдағы енді бір атап өтерлік екінші желі – «Ханым» деп ат қойған профессор Ахметовтің сүйікті ақ мысығы. Мысықтың иесіне адалдығы туралы, олардың қарғысының қатты болатындығы, олардың бойындағы емдік қуаты жайлы әредік-әредік еститін едік бала кезде. Соны жазушы өзінің романында өте тартымды да сенімді етіп жеткізіпті. Мысықтың көрген қиындықтарын тәптіштеп жату артық болар, қысқа ғана тоқталайын. Иесі жоғалып кеткен соң, Ханым оның иісімен, түйсігімен апталап іздеп жүріп, ауруханадағы комада жатқан Ахметовті тауып алады. Бахтияр сонда отырып, өз көзімен көреді: мысық екі-үш күн иесінің қолдарын жалап, бүйірін қыздырып, комадан шығарады. Бір ай дегенде Ахметов басын көтеруге жарап қалады, бірақ сөз жоқ. Оның осындай жағдайын Бахтиярдан сұрап білген Аманбаев дәл сол кезде әріптесінің көңілін сұрап ауруханаға келеді. Екеуара жеке қалғанда Аманбаев Ахметовке орталық басылымдарда жарық көрген «өзінің» сенсациялық мақалаларын көрсетеді. Мақалаға үңілген бетте-ақ науқастың қолы селкілдеп, түсі қашып кетеді. Бұл өзінің еңбегі екенін ишарамен түсіндірмек болады. «Қойыңыз, ақсақал, мұныңыз ұят болады. Жазсаңыз, осы уақытқа дейін қайда қалдыңыз? Мені мемлекеттік сыйлыққа ұсынып жатыр», – деп одан сайын шабақтап, ақыры мазақ қылады. «Менікі, менікі!» дегендей нұсқаған қолы кеудесіне жетпей ауада ербеңдеп, профессор жастыққа қарай шалқалап құлап бара жатты… Содан Ахметов бақиға аттанады. Ал Аманбаевты кейінірек іздеп жүріп тауып алған ақ мысық кеңірдектеп өлтіреді…

Романның эпилогы кереметтей тартымды. Аманбаевты жерлеуге келген Бахтияр мен Биназар сол маңайдағы ұстаздары Ахметовтің қабіріне бұрылғанда өз көздеріне өздері сенбеді. Қабірдің үстінде тұмсығын бауырына тыға дөңгеленіп ақ мысық жатыр! Ханым! Денесін жартылай қар көмген. Жүні тарамдалып, желге үлп-үлп етеді. Бахтияр қолын созып көріп еді, денесі қоқиып қатып қалыпты.

Қорыта айтқанда, Тұрысбек Сәукетаевтың алғашқы іріктеуден өткен «Желқайық» романы – Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты шығарма.

 Айтмұхамбет Қасымов, 

журналист-жазушы,  филология ғылымдарының канидаты

 

 

Осы айдарда

Back to top button