Желмен келген несібе…

«Құдай жөнін берсе, ібіліс тонын береді» деген рас екен. Желтоқсан айы туғалы, «Апыр-ай, биылғы соғымның реті қалай болар екен?» деп уайымдап жүрген Сағидолланың көктен тілегені жерден табыла кетті.
Қуанышында шек жоқ. Қалай қуанбасын, жал-жаясы төңкерілген ту биені бар болғаны жарты-ақ бағасына алса. Оның өзін әлдеқайда тентіретпей, үйіне әкеліп беріп тұр. Енді, сасатын дәнеңе жоқ. Бұйыртса, жаңа жылдың қарсаңында балалардың да қазаны майланып, қарқ боп қалатын болды.
Сөз байласқан күні асай-мүсейлерін алып келе қалған қасапшылар да епті екен. Әлекедей жаланған жігіттер іске кірісіп кетті де, айналасы екі сағатта әлгінде ғана тулап тұрған ту биенің апа-тапасын шығарып, мүшелеп, жіліктеп-ақ тастады.
– Сәке, аузыңыздың салымы бар екен. Әйтпесе, мынадай күйі келіскен жылқы малы көзден бұлбұл ұшқалы қай заман?! Бұйыртса биылғы соғымнан мұртыңыз ғана емес, сақалыңыз қоса майланғалы тұр екен, – деді селебедей өткір пышағына жұққан қанды шайып жатқан жасамыс қасапшы.
Іштей өзі де масаттанып тұрған Сағидолла:
– Рахмет, жігіттер, рахмет! Алла дендеріңе дерт бермесін. Қазір, қуырдақ та әзір боп қалады, – деп қазандық жақтағыларды дігірлетіп қойды.
Осы сәтте шылымын тұтатып жатып: – Шынымен де, мынау өзі біз көріп жүрген осы маңның малына ұқсамайды екен. Құпия болмаса, қай жақтан алдырдыңыз? Жарықтықтың құны да қалтаңызға біраз салмақ салған болар, ә? – деп екінші қасапшы Әміре де әңгімеге араласты.
Бұл жігіттер малды танып, таңырқаса таңырқағандай еді. Өйткені осы маңдағы соғымы бар, басқасы бар, пышаққа ілінетін мал біткеннің жаназасын екеулеп шығарып жүргендеріне де біраз жылдың жүзі болып қалған. Өздері «Апама жездем сай» дегендей, шаруа барысында артық-ауыз сөздері жоқ, бір-бірін ыммен ғана түсініседі. Қолдары сондай епті, мал сойғанда қылп-қылп еткен пышақтарына қарап тұрып қарадай қызығасың…
Табиғатынан сыр бүгуді білмейтін Сағидолла қарап қалсын ба, «Қай жақтың малы екенін өзім де білмеймін. Осыдан бір апта бұрын бір құдамыздың күйеу баласы әкеліп беріп еді» деді, ағынан жарылып.
Жас қуырдаққа тойған жігіттердің қол ақыларын беріп, үйге кірсе бәйбішесі қазан көтеріп те үлгеріпті.
Көтермегенде! Кешкілік ұл-келіндері, қыз-күйеулері бар бала-шағаларымен түгелдей осы үйде бас қосады. Жылда солай. Соғымның алғашқы дәмін татып, үлес-сыбағаларын алып дегендей. Бұл – осы әулеттің әуелден қалыптасқан дәстүрі.
Мал сойған жерді жинастырып, азанда ғана жер тарпып тұрған текті жануардың терісін тұздап жатқан Сағидолла осынау тірлігіне іштей марқайып қойды… Құдайға шүкір, ағайын-ажынға абыройлы. Ұл-қыздары да қатарларынан қалып жатқан жоқ, үйлі-баранды боп, немере сүйгізіп жатыр. Үйінің мұржасынан шығып жатқан түтіні де түзу секілді…
– Е, Алла бергеніңе тәубе! – деді өз-өзінен күбірлеп.
Осы сәтте есік алдына әлдебір көлік тоқтағандай болды да, дабырласа сөйлескен адамдардың дауысы естілді.
– Бұлар кім болды екен?! – деп ойлап үлгергенше дарбазаның есігі айқара ашылды да, аулаға былтырдан бері осы ауылға учаскелік полицей болып жүрген Жағыпардың Ерсіні бастаған төрт-бес адам сау ете қалды…
Полицей киімін көрген бетте Сағидолланың жүрегі әлденеден секемдене қалса да, әуелде ештеңені байыптай алмаған. Сөйтсе…
Иә, сөйтсе мал – көрші облыстан ұрланған болып шықты. Із кесушілер жедел қимылдап, қолды болған малдың соңынан қуа келген беттері екен…
Амал қанша, неше күннен бергі қуанышы да, таң атқаннан бергі көтеріңкі көңіл-күйі де әп-сәтте су сепкендей болды.
Тегі, «Желмен келген несібе, желмен ұшып кетеді» деген осы болса керек…
Серік Құсанбаев