Жеке тұрғын үйлер салынып жатыр

Тұрғын үй құрылысы қарқын алған Алтай және Серебрянка қалаларында алты үйдің іргетасы қаланды.
Алтай ауданында тұрғындарды жеке тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде.
Алтай ауданының әкімі Қалиқан Байғонысов аудан орталығының 10-шы шағын ауданына арнайы атбасын бұрып, мұндағы жеке тұрғын үйлер құрылысының барысын тексерді. Айта кетсек, аталмыш шағын ауданда өткен жылы 14 тұрғын үй салынған болатын. Бүгінгі таңда жеке құрылысшылар мұнда алты тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта үйлердің іргетасы көтеріліп, қажетті материалдар жеткізілуде.
Бұған қоса, ауданның ірі елді мекендерінің бірі – Серебрянка қаласында жеке құрылыс салушылар алты жеке тұрғын үйдің құрылысын бастады, ол жерде қазіргі уақытта аумақты жоспарлау, іргетас орнату, материалдар сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құрылыс барысымен танысқан аудан әкімі осы салаға жауапты орынбасары мен бөлім басшыларына атқарылатын жұмыс сапасын күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.
Азамат Темірбеков