Жеке тұрғын үй салатындар көбейді
Азамат Темірбеков
Риддер қаласында жер учаскесін алу кезегінде түрған адамдардың санын азайтуға бағытталған шаралар жүргізілуде.
Соңғы жылдары аймақ басшылығы тарапынан халықтың жеке тұрғын үй салу мақсатындағы жер телімдерін алуға деген қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Мұндай жұмыстар Риддер қаласында да қолға алынған. «Риддер – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қалалық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің жер беру жұмыстарына жүргізген мониторингі барысында кезекте тұрғандардың тізімі, жер учаскелерін беру тәртібі және аталған саладағы нормативтік-құқықтық актілерді орындау жайы қаралды.
Қазіргі уақытта Риддер аймағы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алу кезегінде 72 адам тұрған көрінеді. Құзырлы органның мәліметіне сүйенсек, өткен жылы жерді жалға алу құқығымен 73, сондай-ақ жекеменшікке алу құқығымен 75 жер учаскесі азаматтарға берілген. Ал биыл жыл басынан бергі уақыт аралығында жалға бес, жекеменшікке 12 жер учаскесі берілген екен.