Жеке мәліметтеріңізге мұқият болыңыз
Қазір әркімде дерлік электронды цифрлық қолтаңба бар, олар көбіне флеш-картада сақталады. Міне, осы мәліметке барынша мұқият болып, қолды болуынан сақтаған абзал. Ал азаматтар кейде бұл қолтаңбаны бөгде біреулерге өздері ұстатып жатады.
Соңғы кездері елімізде көбейіп кеткен алаяқтар түрлі амал-айлалармен азаматтардың сеніміне кіріп, есепшотындағы қаржысын шешіп, не болмаса атынан миллиондаған несие рәсімдеуде. Олардың құрбаны болмау үшін мамандар сіздерге қарапайым сақтық шараларын қолдануды ұсынады.
Сонымен қатар құжаттарды қалпына келтіру бойынша сұрақтар да оқырмандар тарапынан жиі қойылады. Маңызды құжатты жоғалтып, ұрлатып, не болмаса бүлдіріп алған жағдайда әркімге нақты нұсқаулар қажет-ақ. Осы мәселелерге қатысты «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының баспасөз қызметі ақпарат берді.
«Делдалдар» несімен қауіпті?
Көбіңіз «делдалдардың» немесе egov.kz-тен қызмет алу үшін ақылы көмектесуге дайын компанияларды кездестірген шығарсыз. Мұндайда алаяқтардың құрбаны болу қаупі бар.
Электронды цифрлық қолтаңбаны бөтен адамдарға беруге болмайды. Олар сіздің жеке кабинетіңізге кіру арқылы заңды және қаржылық шарттар жасай алады, көлігіңізді немесе жылжымайтын мүлігіңізді басқа адамға қайта рәсімдей алады, үйіңізге бейтаныс адамды тіркей алады.
– Әр ХҚО-да өзіне-өзі қызмет көрсету секторы бар, онда фронт-кеңсе мамандары сізге мемлекеттік қызметтерді портал арқылы тегін алуға көмектеседі. Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкіметтің» ресми Youtube-арнасында танымал мемлекеттік қызметтер бойынша бейненұсқаулықтар бар, – дейді облыстық филиалдың баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.
Егер өз ЭЦҚ-ңызды жоғалтып алсаңыз, бірден жаңасын жасатыңыз және Ұлттық куәландырушы орталықтың жеке кабинеті арқылы жоғалған кілттерді қайтарып алыңыз.
Жүргізуші куәлігін «сататындар» көп
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының облыстық филиалы жүргізуші куәлігін ұсынатын алаяқтардың көбейіп кеткенін ескертеді.
Корпорация әлеуметтік желілерде азаматтарға жүргізуші куәлігін сатып алуды ұсынатын 30-ға жуық хабарламаны анықтады. Клиент алаяқтарға қоңырау шалғанда олар дайын жүргізуші куәлігі үшін 50-60 мың теңге сұрап, құжатты бір айда жасап беруге уәде етеді. Ақшаны алғаннан кейін олар телефондарын өшіріп тастайды.
Корпорация қызметкерлері осындай хабарламаларды қадағалап, анықталған ақпаратты құқық қорғау органдарына жолдайды. Сәуір айында ішкі істер органдарына жүргізуші куәлігін алуда көмектесуге үндеген 12 дерек бойынша мағлұмат берілді.
Жүргізуші куәлігін тек теориялық және практикалық емтихандардан өту арқылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады. Сондай-ақ куәлік үшін 1,25 АЕК (3975 теңге) мөлшерінде баж салығын төлеу қажет.
Теориялық емтихан уақыты – 40 минут, ол 40 сұрақтан тұрады. Емтиханнан өту үшін кем дегенде 32 сұраққа дұрыс жауап беру керек. Бұдан кейін автодромда практикалық емтихан тапсырасыз. 20 минутта автокөлікпен жүру арқылы 12 сынақтан өтуіңіз керек.
Жеке куәлікті алудың да өз талабы бар
Заң бойынша қазақстандықтар 16 жасқа толғанда өзінің алғашқы жеке куәлігін алуы тиіс.
– Жеке куәлікті рәсімдеу үшін ата-анасының бірі мен жасөспірімнің өзі ХҚО-ға жүгінеді. Өзімен бірге үш құжат болуы қажет – жасөспірімнің туу туралы куәлігі, ата-анасының біреуінің жеке куәлігі, 0,2 айлық есептік көрсеткіш, яғни 636 теңге мөлшеріндегі баждың төленгені туралы түбіртек. Болған жағдайда паспортты да қосымша ұсыну керек, – дейді Мөлдір Зәруетқызы.
Құжатты рәсімдеу кезінде баланың өзі болуы міндетті. Сонымен қатар ата-анасының азаматтығы әртүрлі болған жағдайда, шетелдік ата-анасының баланың жеке куәлік алуына нотариалды куәландырылған келісімін қоса ұсыну қажет. Куәліктің жарамдылық мерзімі – 10 жыл.
Әскери билетті жоғалтып алсаңыз…
Әскери билет жоғалған жағдайда екі тәсілмен – eGov порталы арқылы не ХҚО-ға жүгіну арқылы қалпына келтіруге болады.
– Әскери билетті eGov арқылы қалпына келтіру үшін порталда авторизациядан өтіп, «Запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға әскери билеттер немесе олардың телнұсқаларын беру» қызметін таңдау қажет. Бұдан кейін «Қызметтерге онлайн тапсырыс беру» батырмасын басып, ЭЦҚ немесе СМС-пароль арқылы қол қою қажет болатын арнайы өтінімді толтырасыз. Тегін қызметтің көрсетілу мерзімі – 5-7 жұмыс күніне дейін, – дейді филиалдың баспасөз хатшысы.
Әскери билетті ХҚО арқылы қалпына келтіру үшін сізге құжаттар жинау қажет. Қандай құжаттар қажет екенін ХҚО кеңесшілерінен немесе 1414 нөмірі бойынша білуге болады. Қызмет көрсету мерзімі – 10 жұмыс күні.
ХҚО-ға жүгінген кезде өзіңізбен бірге талапқа сай түсірілген 3-те 4 мөлшеріндегі фотосуретіңіз болуы керек. Сондай-ақ фото өтініш берушінің жасына сай келуі және ашық фонда түсірілуі тиіс, адамның бет-жүзі фотоның 70 пайызын алуы керек.
Жыл басынан облыстың ХҚО-лары арқылы 2 мыңға жуық әскери билет қалпына келтірілді.
Көліктің техпаспорты – маңызды құжат
Көлік құралын тіркеу туралы куәлік (КҚТК) деп аталатын құжатты жоғалтқанда немесе оны ауыстыру қажет болғанда не істеу керек?
КҚТК жоғалғанда көлік иесі мамандандырылған ХҚО-ға жеке куәлікпен, КҚТК үшін баждың (1,25 АЕК) төленгені туралы түбіртекпен жүгінуі қажет.
– Барлық құжаттар бір жерде, мысалы әмиянда сақталатындықтан бірден жоғалып кетуі мүмкін. Ол кезде алдымен жеке куәлікті қалпына келтіру керек, өйткені онсыз қалған құжаттарға тапсырыс беруге болмайды, – дейді филиалдың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар аты-жөніңіз ауыстырылған болса, оның өзгергенін растайтын құжатты да ұсыну қажет, ал көлік қайта жабдықталса немесе өзгертілсе, оның қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы куәлікті де көрсету керек.
Ескеретін жайт, көліктің өзін құжаттармен салыстыру үшін әкелудің қажеті жоқ.
Әзірлеген – Ержан Әбіш