Қоғам

Жеке куәлігі болса жеткілікті

Биыл Аягөз өңірінде «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жастарды жұмысқа тарту мамыр айының ортасына қарай басталады.

Аягөз аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ермек Сәбитовтің айтуынша, жыл сайын ауданға  бағдарлама бойынша 100 адамға квота бөлінетін. Оның үстіне бұл бағдарлама бойынша соңғы жылдары көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балаларын жұмысқа жұмылдыруға көбірек көңіл бөліне бастаған.

– 2005 жылдан бері ел аумағында жұмыс істеп келе жатқан аталмыш бағдарлама Аягөз ауданында бірнеше жыл қатарынан жастарға еңбек етіп, табыс табуға мүмкіндік беріп келеді. Аталған бағдарлама бойынша жұмысқа міндетті түрде қандай да бір әлеуметтік санаттағы жастарды ғана тартпаймыз. Ең бастысы оның жасы 16-ға толып, қолында жеке куәлігі болса болды. Ал бағдарлама жайындағы ақпаратты біздің орталыққа келіп алуға болады, – дейді Ермек Сәбитов.

Сонымен қатар егер бала 18 жасқа толмаған болса, оның бағдарлама бойынша еңбек етуіне ата-анасының жазбаша рұқсаты керек. Жазғы каникулды тиімді пайдаланып үйренген аягөздік жастар негізінен жол жиектерін әктеу, қураған бұталардан, арамшөптен тазарту, ағаш көшеттерін отырғызу және жасыл желекті суару сияқты жұмыстарға жұмылдырылады.

Жыл сайын аудан бойынша үш айға 100 адамға квота бөлінетінін алға тартқан орталық басшысы, «Жасыл ел» жасақтарына төленетін жалақының да жаман еместігін атап өтті. Ал биылғы жұмыстар мен оған қабылдауға қажетті құжаттар тізімі мамыр айының ортасына қарай Аягөз жастар ресурстық орталығының Инстаграм әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланбақ.

Азамат Темірбеков

 

Осы айдарда

Back to top button