Жеке клиникаларда қаралу тегін
Емханалар науқастарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырған кез келген жеке клиникаға жолдама бере алады. Қызметтер пациенттер үшін тегін көрсетіледі. Бұл жайында Қордың облыстық филиалы директоры Ғалымжаш Әбілов ескертті.
– Өңірде қормен медициналық қызмет көрсетуге келісімшартқа отырған 107 медициналық ұйымның 46-сы мемлекеттік, 61-і жекеменшік. Бұрын жеке клиникалар қормен жұмыс істеуге көп ниет танытпайтын, өйткені біздің тарифтер олардікінен әлдеқайда төмен болатын. Қазір жағдай өзгерді. Тарифтегі 100-200 теңге айырмашылық көп рөл атқармайды. Пациенттері жоқ жеке клиникалар бізбен жұмыс істеуге қарсы емес, өйткені оларға науқастар келеді. Осы жерде ескерте кетейін, сіздердің емханаларыңыз қормен келісімшартқа отырған кез келген жеке клиникаға жолдама бере алады, қызметтер пациенттер үшін тегін көрсетіледі. Егерде жекеменшік клиникалардың жұмысына көңілдері толмаса, мысалы, ақылы қызметке келгендерге басқадай жағдай жасап, емханалардан келгендерге дұрыс қарамаса, қорға шағынуға болады. Қор азаматтардың жеке шағымының аясында ғана әрекет ете алады. Естеріңізде болсын, қормен келісімге отырған жеке клиникалар пациенттерді алаламай, бірдей қызмет көрсетуге міндетті, – деп нақтылады Ғалымжан Әбілов.
Айна Ескенқызы