ТОП

Жедел жәрдем үнемі жолда жүреді

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай   Катонқарағай ауылындағы жедел жәрдем қызметінің №10 қосалқы станциясында  адам жанына араша болып,  еселі еңбек етіп жүрген фельдшерлер қауымы  мен  олардың жауапты да аса  ауыр қызметтері   жайында   баяндап  беруді жөн деп таптық.

Қазіргі таңда Катонқарағай ауылындағы жедел жәрдем қызметінің №10 қосалқы станциясында барлығы 13 қызметкер еңбек етеді. Олардың бесеуі   жедел жәрдем фельдшерлері болса,  төртеуі  тіркеуші (регистратор немесе диспетчер), яғни, науқастардан түсетін шақыртуларды қабылдаушылар,   қалған төрт адам  жүргізуші ретінде қызмет етеді.

– Қазіргі таңда науқастардан түсетін шақыртулар орталықтандырылған Call орталыққа түседі.  Диспетчерлер  жедел жәрдем шақыруларын  науқастың ауру нышанына және жеделдігі бойынша топтастырып,  санаттарға бөледі.  Мәселен, 1-санат  бойынша түскен жедел қоңырау – науқас адамның өміріне қауіп төніп тұрған жағдайда тез арада медициналық көмекке мұқтаждық,  2-санат   – науқас адамның өміріне қауіп төніп тұрған, бірақ медициналық көмекке мұқтаж емес жағдайда, 3-санат – науқас адамның денсаулығына қауіп төніп тұрған, бірақ медициналық көмекке мұқтаж емес жағдайда, 4-санат бойынша жедел қоңырау – науқас адам дертінің асқынған немесе тұқым қуалайтын ауруына байланысты, ешқандай өміріне және денсаулығына аса қауіпті зақым келмейтін жағдайда деп бөлінеді.  «Жедел жәрдем» қызметіне  алғашқы үш санаттағы қоңыраулар келген жағдайда,  автоматтандырылған тәртіппен қызмет жасалып, диспетчер арнайы жасақталған жедел жәрдем тобын жібереді.

Егерде есеппен алатын болсақ, күніне бестен жоғары шақыртуларға барады екенбіз. Катонқарағай өңірі бойынша 10 мыңға таяу тұрғынға қызмет көрсетеміз, қамтитын аумақ 144 шақырымды құрайды. Жалпы айтқанда, бүгінде жедел жәрдем қызметіне облыс тарапынан барлық жағдайлар жасалып, мүмкіндіктер берілген. Науқастарға тасымалдауға арналған қызметтік көліктеріміз жаңадан алынды, дәрі-дәрмек тапшылығы деген жоқ. Үнемі жеткізіліп тұрады, – дейді №10 қосалқы станциясының аға фельдшері Назигүл Жакижанова.

Катонқарағайдағы  жедел жәрдем қызметінде бұрын да қазір де кіл мықтылар еңбек етіп келе жатқандығын нық сеніммен айтуға болады.   Бүгінде мұндағы білікті мамандар, өз ісінің нағыз майталмандары саналатын   тәжірибелі фельдшерлер Жанат  Смағұлова, Назигүл Жакижанова, еңбек өтілдері он бес жылдан асып жығылған  Индира Қоқымбаева, Айсұлу Күмпейісова, сондай-ақ қатарға жаңадан қосылған жас фельдшер Аида Даниярова әруақытта өздерінің қызметтік міндеттерін мінсіз атқаруға, науқастардың жанын  сақтап  қалу жолында күн-түн демей, үздіксіз қызмет көрсетуде. Одан бөлек, тіркеушілер  Айгүл Абақаева,  Мунира Жақыпова, Ақмарқаш Абдулова, Фарида Нұрғалиева,  жүргізушілер Ербол Елтаев, Серік Шаймарданов, Нұрлыбек Омаров, Абзал Романов  қызметтерін аса жауаптылықпен атқарады.

№10 жедел жәрдем қызметінің қосалқы станциясының    жоғарғы санатты фельдшері, Өрел ауылының тумасы  Жанат   Смағұлованың  осы салада еңбек етіп жүргеніне биыл отыз жеті жыл толды. Ж.Смағұлова еңбек жолын 1985 жылы Өскемен қаласындағы жедел жәрдем бөлімінен фельдшер болып бастаған. Кейіннен 1989 жылы Катонқарағай ауылындағы жедел жәрдем қызметіне ауысып, осында табан аудармастан  34 жыл  жұмыс істеп келеді.

– Мен Катонқарағайға аудандық аурухананың бас дәрігері болып Марат  Ластаев қызмет еткен тұста жұмысқа келдім.     Қазіргі таңда   жедел жәрдем станциямызда мықты мамандар еңбек етеді. Күні кеше ғана келіп, қатарымызға қосылған  әріптестеріміз  Индира Қоқымбаева мен Айсұлу Күмпейісова арамызда еңбек етіп жүргеніне он бес жылдан асып, тәжірибелі фельдшерлерге айналды. Енді, міне, арамызға жас маман Аида Даниярова сынды сіңліміз келіп қосылды.   Біздің жұмыста қателесуге болмайды, таразыға адам өмірі қойылады. Сондықтан фельдшер болып қызмет істейтін адам өз ісінің қыр-сырын бес саусағындай  жақсы білуі керек, – дейді Жанат  Абайқызы.

Жедел жәрдем  медициналық қосалқы станциясының аға фельдшері, жоғары санатты қызметкер  Назигүл Жәкежанованың еңбек өтілі отыз екі жыл.   – Дәрігер болу бала кезден бергі арман еді. Ол арманға қол жеткіздік. Бүгінде қызым Арна мен ұлым Бақытбек те денсаулық саласында еңбек етеді. Қызым Семейде дәрігер оташы, ұлым тіс дәрігері болып жұмыс істейді, –  дейді Назигүл Қатайқызы.

Иә, жедел жәрдем үнемі жолда жүреді, тәулігіне бірнеше мәрте түрлі сын-қатерлермен бетпе-бет кездеседі. Олар үшін басты міндет – науқасты емдеу және аурудың алдын алу.

Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button