Қоғам

Жазықсыз жапа шеккендер ақталады

Өткен тарихымыздың ақтаңдақ тұстары аз емес. Сол себепті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында көпті толғандырып жүрген тарихи әділдікті айқындап, «қызыл қырғынға» ұшыраған азаматтарды ақтау қоғамның алдында тұрған үлкен міндет болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығын орындау мақсатында облыста бірқатар жұмыстар жүруде.

Атап айтқанда, өңірлік комиссия құру туралы облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды. Оның консультативтік-кеңесші орган форматындағы дербес құрамы облыстық мәслихат шешімімен бекітілді.

– Комиссияның алғашқы отырысы осы жылдың 29 қаңтарында өтіп, жалпы тәсілдер, жұмыс жоспары, жұмыс топтарының құрамы талқыланды. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі 10 жұмыс тобының (37 адам) тізімі қалыптасты, – деп хабарлады ішкі саясат басқармасы.

Комиссия мен жұмыс топтарының құрамына қоғам қайраткерлері, облыстағы жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғалымдары, этномәдени бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мұрағаттар мен арнайы органдар қызметкерлері енді.

Өңірлік комиссияның 2021 жылға арналған жұмыс жоспары әзірленіп, бекітілді. Жоспарда Президент Жарлығының міндеттерін жан-жақты жүзеге асыру және зерттеу іс-шаралары көзделді.

Ашық дереккөздер мен мұрағат қорларына жүргізілген алғашқы зерттеу қорытындысы бойынша өзекті бағыттар ретінде депортация, ашаршылық, бай-кулактарды жою тақырыптары іріктелді.

Облыс мұрағаттарынан 13 ашық қор анықталды. Сараптама нәтижесінде Семей қаласындағы, Шыңғыстау, Ақсуат аудандарындағы көтерілістердің, Толстоухов қозғалысының мәліметтері табылды. Көтеріліске қатысушылардың аты-жөні анықталуда. Ақталмаған 27 азаматтың есімі анықталды.

Комиссияның биылға арналған жоспарына сай жазда Абай, Зайсан, Күршім, Алтай, Катонқарағай, Риддер өңірлеріне азаматтардың ақталмаған жаңа санаттарын анықтау экспедициялары аттанады.

Қазір қуғын-сүргінге ұшырағандар жаппай жерленген орындарды анықтау мақсатында өңірдің байырғы тұрғындары арасында сұхбаттар жүргізіліп, естеліктері зерделенуде.

Сондай-ақ жұмыс топтарының мүшелері ашық дереккөздерді зерттеуде, мұрағат қорларының тізімі анықталып, құжаттарды қалыптастыру процесі жүріп жатыр.

Алдағы уақытта барлық бағыттар бойынша жұмыстар жалғасады. Бұл ретте облыстың ғылыми-сараптамалық әлеуеті жеткілікті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button