Қоғам

Жазушы жайында естеліктер айтылды

   Катонқарағай ауылында есімі алты алашқа мәлім жазушы  Дидахмет Әшімханұлын еске алу іс-шарасы   өтті.

Алтайдың мұңын мұңдап, әдебиеттің жоғын жоқтап өткен  қазақтың біртуар перзентінің бірі, жазушы Дидахмет Әшімханұлының өмірден озғанына биыл жеті жыл. Дидахмет Әшімханұлы талантты журналист,  әңгіме жанрының шебері, белгілі аудармашы, екі жүзге жуық публицистикалық туындының авторы.

Ол әдебиетке «Аққабаның толқыны», «Он бірінші күз», «Каменная падь» атты әңгімелерімен келді. Сөйтіп, артына өшпес мұра қалдырды. Ғұмырының әр сәтін ысырап етпеген қаламгердің шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорында. Сондай-ақ журналистикада жүріп, «Өз сөзім өзімдікі», «Тазша баланың тамашасы» деген циклді жазбаларымен қазақтың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған жан.
Дидахмет Әшімханұлы жайлы «Сондай үлкен жұмыстарды тындырып жүрсе де, ағаға деген ілтипаты мен ініге деген ізетінен айырылмайтын жібек мінезді, ішкі ділінен қайтпайтын қуаты алып жан», – деген әдемі естеліктер бар. Содан  болар сыр-сұхбатқа  алыс-жақыннан жазушының Алматы, Өскемен, Алтай қалаларынан және туған жеріндегі сыныптастары, ауылдастары, туыстары мен мәдениет, кітапхана саласы қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, оқушылар қатысты. Жазушы ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Іс-шара барысында жазушы жайлы естеліктер айтылды, шығармаларынан әдемі үзінділер оқылды. Мәдениет үйінің төрінде жазушы ұнататын халық әндері әуеледі.

Кеш барысында сөз тізгінін алған Дидахмет Әшімханұлының ұлы Дәулет Әшімхан  аудан көлемінде өткізіліп жатқан бұндай тағлымды  іс-шараларға өз ризашылығын білдірді. Әкенің рухын биіктетіп, мәртебесін асырып жүрген абзал  азаматты елі мен жеріне, жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан рухани үлесі үшін аудан әкімі Ділдар Қалиқанұлы “Өр Алтайдың арысы” медалімен  марапаттады.

Іс-шара  соңында Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығын насихаттау және аудандағы   жас қаламгерлерді анықтау мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын “Жас қалам” байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Әлем Сүлейменова, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button