Қоғам

Жазғы демалысыңды қалай өткізесің?

Қас қағым сәтте жаз да келіп жетті. Жаз – балалар асыға күтетін мезгіл. Жаз басталысымен оқушы қауымның арманына арқау болатын демалыс орындары да есіктерін айқара ашады. Біз оларға «Жазғы демалысты қалай өткізесің?» деген сауал қойдық.

Өскемендегі №47 мектептің 2-сынып оқушысы Темірлан Үйданов:

– Жазғы демалыста өзімнің сүйікті спортым – каратэдан жаттығуға барамын. Каратэмен шұғылданғанды жақсы көремін. Ауылдағы ата-апама барып, демалысты қызықты өткіземін.

Қасым Қайсенов кентіндегі Р.Мәрсеков атындағы орта мектебінің 5- сынып оқушысы Зере Қайымжанова:

– Жаз – сүйікті жыл мезгілім. Жазда отбасымызбен демалыс орындарына барғанды ұнатамыз. Жүзуді, күнге қыздырынғанды жақсы көремін. Демалыстан бөлек, ағылшын тілі сабағына барып, білімімді толықтырамын.

Өскемен қаласындағы №16 орта мектебінің 4-сынып оқушысы Әлихан Арнұрұлы:

– Осы жазда достарыммен велосипед теуіп, аулада ойнаймын. Сабағымды қайталап, кітап оқимын. Өзімді дамыту үшін түрлі үйірмелерге барғым келеді.

Катонқарағай ауылындағы қазақ орта мектебінің 7-сынып оқушысы Арна Нұрғабденова:

– Жаз ең ұзақ та қызықты демалыс уақыты. Жазда ата-анаммен бірге теңізге демалуға барғанды ​​ұнатамын, онда жылы суға түсіп, волейбол, футбол ойнаймын, ролик теуіп, көңіл көтеремін. Осы жаз көңілді өтеріне сенімім мол.

Облыстық мамандандырылған IT мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Талант Оразаев:

– Отбасымызбен осы жылы жағажайларда, тауда демаламыз. Қаланың шулы күнделікті тұрмысынан тынығып, жаңа оқу жылына үлкен дайындықпен келемін. Сондай-ақ достарыммен жазғы лагерьге баруды жоспарлап отырмыз.

Глубокое кентіндегі О.Бөкей атындағы қазақ орта мектебінің 3-сынып оқушысы Жәмила Қадыр:

– Жазғы демалысымды ауылда өткіземін. Серуендеп, велосипед теуіп, ауыл маңындағы суға, жазғы лагерьге барамын. Жаз соңында Алматыдағы туысқандарыма қонақтап барамын. Осы жаз керемет өтеріне сенемін!

Зайсан қаласындағы Х.Мұстафина атындағы мектеп-лицейінің түлегі Зере Рауанова:

– Осы жаз маған көп өзгеріс алып келді. Мектеп бітіріп, үлкен өмірге аяқ баспақпын. ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, грант ұтып алу – арманым. Мектептегі соңғы жылымызда сыныптастарымызбен бірге саяхаттауды жоспарлап отырмыз. Одан кейін жаңа оқу жылына жаңа арманмен, жаңаша көзқараспен қадам басамыз.

Дайындаған – Әнел Абзалбекова   

Осы айдарда

Back to top button