Жайылымдық жердің мәселесі қашан шешіледі?
– Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылында (Нұрлы көш) қазіргі күні мал жаятын жайылымдық жоқ. Қалаға барар жағы – саяжай, жолдың бір жағы – құрылыс жұмыстары жүріп жатқан учаске. Бұрын сол жаққа жаятынбыз. Прудхоз ауылы жақта жеке меншіктегі тоған шаруашылығы бар. Тұрғындар еріксіз Өскемен – Семей тас жолының екі шетін жағалап, мал жайып жүр. Бұл жол қозғалысына да, малға да өте қауіпті. Ары қарай Ұлан ауданы, онда да бұл мәселе өткір тұр. Айнала түгел егіндік. Қала-аудандардағы жайылымдық мәселесі қашан шешімін табады?
Тілеген Құрал
Шығыс ауылы, Өскемен.
Сауалға облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис жауап береді:
– Өскемен қаласында жайылымдық жер тапшылығы ерекше сезілуде. Соған орай, қала маңында бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару процедурасына бір жылға жуық уақыт кетеді.
2022 жылы облыстың жаңа шекарасында халық үшін жайылымдардың жалпы жетіспеушілігі 62,6 мың га құрады, оның ішінде: Самар ауданы – 11 мың га, Күршім ауданы – 4,9 мың га, Ұлан ауданы – 45,5 мың га, Өскемен қаласы – 1,2 мың га.
Бүгінгі күнде 1,4 мың гектар бойынша шаралар қабылданды, яғни 0,7 мың га мемлекеттік меншікке қайтарылды, 0,7 мың га алқаптағы өнімділігі төмен егістік жайылымға ауыстырылды (Ұлан ауданы).
Самар ауданы бойынша 11 мың га (Бастаушы, Аққала, Құлынжон ауылдары) үш елді мекеннің шекарасын бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ халықты 50,2 мың га алқапта жайылымдармен қамтамасыз ету жөніндегі мәселені одан әрі шешу үшін пайдаланылмайтын жерлерді алып қою және оларды 45,1 мың га алқапта халыққа бөлу, 4,4 мың га алқапта елді мекендердің шекараларын белгілеу, 0,7 мың га алқапта орман қоры жерлерінде жайылымдар беру іс-шаралары көзделген.