Қоғам

Жайылымдық жер жеткілікті ме?

Дәурен Аллабергенұлы

Дәл  облыста жайылымдық жердің мәселесі бүкіл еліміздегі сияқты өте өзекті. Өскеменнің іргесіндегі аудандарды айтпағанда, Шығыстың сонау шекара маңын жайлап, шалғай жатқан ауылдарында да бұл проблема қордаланғаны қашан. Жерді 49 жылға дейін жалға алып алған ірі шаруашылықтар мен алпауыт жер иелері жеріне мал кіргізбек түгілі, маңайынан құс ұшырар емес. Сонда ауласындағы азын-аулақ малын табыс көзіне айналдырып, оның сүті мен етін сатып, тірлік  етіп жатқан қарапайым халық қайтіп күн көрмек?

Өңірде иесіз қалған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүрмей жатқан жоқ, жүргізілуде. Бірақ өз деңгейінде деп айта аламыз ба?

– 2021 жылы Мемлекет басшысы қараусыз қалған жерлерді қайтаруға қатысты  тапсырма берді. Жергiлiктi әкiмдiктер бос жатқан жерлердiң тiзiмiн жасады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, бұрын пайдаланылмай келген 1 миллион гектардан астам жер анықталды. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда мал жаюға қажетті жер көлемі 146 мың гектарды құрайды, – деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис.

Надежда Михейлистің айтуынша, бүгінде Бесқарағай, Бородулиха, Ұлан аудандарында және Өскемен қаласында жайылымдық жер тапшылығы ерекше сезілуде. Бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару процедурасына бір жылға жуық уақыт кететін көрінеді.

Аталған мәселе облыс әкімінің де тұрақты бақылауында тұр. Жақында осыған қатысты Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында тілшілердің қойған сауалына аймақ басшысы мәселенің облыста оң шешімін тауып жатқандығын айтқан-ды.

– Биылғы жылдың жартысына дейінгі бұрынғы  облыстың жер көлемімен есептегенде, бізге былтыр 1 миллион 607 мың гектар жайылымдық жер жетпеген болатын.  Сол уақыттан бері пайдаланусыз бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне алу, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы қоры жерлерінің есебінен жайылымды кеңейту жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Нәтиже бар. Ал облыс екіге бөлінген соң, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағында 55 мың гектар жайылымдық жер жетіспеуде. Оны шешудің жолы оңай, 45,5 мың га жер пайдаланылмай жатқан жерлердің есебінен жабылады. Ал қалған он мың гектардың мәселесін ауыл маңындағы жерлерді жайылымдыққа беру, орман қоры аумағынан жер бөлу арқылы күнделікті жұмыс барысында шешуге болады. Қорыта айтқанда, жайылымдық мәселесін облыста жылдың соңына дейін түбегейлі шешеміз, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Облыс әкімінің айтуынша, жайылымдық жердің жетіспей жатқандығын жергілікті халықтың еңбек етуге құлшына бастағаны деп түсіну қажет.

– Жұрт бүгінде жаппай жайылымдық іздей бастады. Бұрын бұл мәселе мүлде көтерілмейтін. Себебі, ел ертеңін, болашағын ойлай бастады, сол үшін мал басын жаппай көбейте түсуде. Бүгінгі жайылымдық оған он жылдан кейін де керек. Осылайша, балама, немереме мұра етіп қалдырып кетсем дейді. Мал басы көбейген соң, жайылымдық жер мәселесінің туындауы да заңдылық, – деді облыс әкімі.

Осы айдарда

Back to top button