ҚоғамТОП

Интернеттегінің бәрі игілік емес

Ғаламтор көп мүмкіндіктерге жол ашқанымен, «ішкі сүзгісі» жоқ адамдарға кері әсер етіп жатқанын да естен шығармау керек. Әсіресе, жастарды жат діни ағымдарға тартуда әлеуметтік желінің басты құралға айналғаны рас. Желі қолданушыларының санасын улап, өздеріне баурап алуы үшін арам пиғылды астыртын топтар түрлі әдіс-тәсілдер қолданады.   

Мамандардың айтуынша, қандай да бір теріс діни ағымның өкілдері өз идеологиясын тарату үшін интернет алгоритмдеріне сүйеніп, қолданушылардың ізденісін талдап, ұдайы мониторинг жүргізіп отырады. Жат пиғылды ағымдардың діттеген – интернет арқылы өз ілімдерін таратып, халық санасын улау, сөйтіп көздеген мақсаттарына жету.

Бүгінгі таңда интернет, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы тауар айналымы, алып-сату, үйде отырып тапсырыс беру, қашықтан білім алу секілді қызметтердің түр-түрі көрсетіліп, тұтынушыға мол мүмкіндіктер ашылды. Дегенмен дәл осындай шексіз мүмкіндіктердің шегін білмейтін болсақ, оның зардабы да жоқ емес. Өйткені облыстық дін істері мәселелерін зерттеу орталығының бөлім меңгерушісі Ерсін Қожанжаров дәл осы мүмкіндіктерді көптеген жат ағымдар өздерінің арам ойын жүзеге асыру үшін пайдаланып кететінін айтады.

– Мониторинг жүргізу кезінде егер адамның әлеуметтік желідегі парақшасында қандай да бір дінге қызығушылық тудыратын сұрақтар болса немесе ол адам дін төңірегінде ақпарат алатын әрі сұхбат құратын топтарға жазылған болса жат ағымның өкілдері бірден оны зерттеп, сүзгіден өткізіп, әлеуметтік желідегі мазалаған сұрақтарына өздерінің ыңғайына қарай жауап беріп отыруы әбден мүмкін. Сол арқылы өздеріне жақын тартуға тырысады, – деді Ерсін Қожанжаров.

Интернеттен  кез келген сауалдың жауабын табуға болады. Ал ақпараттың шынайылығына мән беріп жатқандар кемде-кем. Жалған мағлұматтың жетегінде кетіп, жат ағымға кіріп, шекара асып, солардың қол шоқпарына айналғандар қаншама. Лаңкестік әрекеттeрімен белгілі ДАИШ халықаралық террористік ұйы­мы ғаламтордың тeхнологиялық мүмкіндіктерін пайдалана отырып өзге елдерден келген адамдармен содырлар қатарын көбейткен. Аталған лаңкестік ұйымның қатарына қосылғандардың дені ғаламтор арқылы арбалғандар екенін ресми ақпарат растап отыр. Біздің елімізде де деструктивті діни ағымның жeтегінде кеткендердің көбіне әлеуметтік желі әсер еткенін айтады сала маманы.

– Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясы өзінің діттеген межесіне жетті. Гуманитарлық операция шеңберінде елге оралған азаматтардың арасында сауалнама жүргізілген кезде деструктивті діни ағымның жeтегінде кеткендердің 88 пайызына әлеуметтік желі әсер еткені белгілі болды. Деструктивті діни ағымдардың жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Теріс ағымды ұстанушылардың басым көпшілігі – жастар. Жат ағым өкілдерінің де көздегені осы. Олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған, діни сауаты төмен, жұмыссыз жүрген жастар, – деп түсіндірді облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы.

Иә, әртүрлі әккі айла-тәсілді жақсы меңгерген жат ағым өкілдері әлеуметтік желі қолданушысының психологиясын толық зерттеп, күйзеліске түскенін білдіретін жазбаларын байқап, жақыны болатындай кейіп танытып, өздерінің жымысқы әрекетіне көшеді. Маманың айтуынша, олар құрбандарын жарнама және қызықты контент, хат жазысу, пікірталасқа тарту арқылы арбайды екен.

– Көп жағдайда адамдар діни ағымдардың қақпанына қиындыққа тап болған кезде түсіп қалады. Мейірімді құтқарушы кейпінде оған жылы сөздерін айып, жанашырлық танытады. Бастапқыда деструктивті ұйымның уағыз-насихатын тыңдап, санасы уланған адам кейін өзі де басқаларға уағыз айта бастайды. Біздің жұмысымыздың басты мақсаты – интернет желісінде көптеген теріс діни топтар мен серіктестіктерге кірген жастарды дер кезінде «шыңыраудан» шығару, олармен байланыс орнату. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін сауатты жеткізе білу, – дейді Ерсін Қожанжаров.

Қиын-қыстау кезеңде адамға сөзбен ғана емес, материалдық және қаржылай көмек көрсеткенде оның ішкі жан дүниесінде ризашылық, сенім пайда болады. Міне, мұндай айланы деструктивті діни ағым өкілдері жақсы меңгерген. Сондықтан бөлім басшысы интернетті пайдаланған кезде кез келген ақпаратты саралап, қандай парақшадан және дереккөзден алынғанын тексеріп алу керек екендігін айтады. Егер бір дінге қатысты қандай да сұрақ туындап жатса, оның жауабын еліміздегі тіркелген діни бірлестіктердің ресми парақшалары мен сайттарынан алу керек, сондай-ақ арнайы теолог мамандарға жүгінген абзал.

«Сақтансаң сақтайды» деген тәмсілді берік ұстанып, теріс ағымдардың айла-әрекеттеріне жол бермей, құрығына түспей, медиасауаттылықпен қоса діни сауатты да арттырған жөн.

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

Осы айдарда

Back to top button