Жасылдан қызылға өту оңай, қайту қиын
Күні кеше еліміз коронавирус індетінің таралуы бойынша «қызыл аймаққа» енді. Коронавирустың «бағдаршамы» Шығыс Қазақстан үшін әзірге «жасыл» жанып тұр. Алайда жасылдан-сарыға, сарыдан-қызылға өту оңай болғанмен кері қайту қиын екенін естен шығармайық. Өңірдегі жалпы эпидемиологиялық ахуал, індетпен күрес шаралары туралы облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев айтып берді.
Ресми ақпаратқа сенсек, қазіргі уақытта облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
2021 жылдың 30 наурызындағы дерек бойынша, індеттің таралу деңгейі
- тәулігіне – 0,2%,
- аптасына орташа өсім қарқыны – 0,1%,
- облыс бойынша репродуктивтік санның орташа мәні – 1,097.
Ал пандемия елімізде белең алғалы, облыста тіркелген науқастардың саны 22846-ға жетіп отыр. Олардың 15737-сінде ауру белгілері байқалған. Қалған 7109 адамда ауру симптомсыз өткен.
Басқарма басшысы, оқушылар арасында инфекция жұқтыруға қатысты мәліметтерді де ұсынды. 2020 жылдың 1 қыркүйегі мен 2021 жылдың 30 наурызына дейін 1334 оқушы COVID-19 жұқтырған, олардың: 678-інде ауру белгілері байқалса, қалғанында ауру белгілері білінбей өтіп кеткен.
Айта кетейік, кейінгі мәліметтер бойынша 1298 оқушы дерттен жазылып, қалыпты өмірге көшкен. Қазір 35 бала үй жағдайында ем қабылдап жатыр.
– Біз қазір «жасыл аймақтамыз». Алайда ол біздің жайбарақат жүре беруімізге болады деген сөз емес. Сондықтан қарапайым талаптарды мұқият сақтауларыңызды өтінеміз. Адам көп жиылатын шараларға, қоғамдық орындарға бармауды, маска тағуды және арақашықтықты сақтауды талап етеміз. Егер талапты орындамайтын болсақ, жағдай қиындап кетуі әбден мүмкін, – дейді департамент басшысы.
Індеттің таралуын тежеу мақсатында жаппай екпе салу қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыстың қала-аудандарында екпе салуға арналған 62 бөлімше ашылған.
Балауса МЭЛСҚЫЗЫ