Жастайынан ауыр жұмысқа жегілді

Жүзінен жылылық есіп тұратын ақ шашты, қараторы адамға деген көпшілік көңілі көл еді. Ел-жұртының ыстық ықыласына бөленіп жүретін марқұм Қани Мерғазин өмір бойы совхоздың қара жұмысына жегіліп, адал еңбегімен, ақкөңіл мінезімен ауылдастарының жүрегіне жол тапқан ардақты ақсақал болатын.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында туғандарда балалық шақ болмады. Халық қолдан жасалған ашаршылықтан титықтап, қуғын-сүргіннен құтылып енді ес жидым ба дегенде фашистік Германия елімізге лап қойды. Қани ағамыздың әкесі Мерғазы ауылдағы белсендінің (Молотов колхозында бастық, кейін милиционер болған) бірі болғанымен оған да төртінші сыныптан кейін оқуды тастап, ұжымшар шаруасына араласуға тура келді. Өйткені ер-азаматтардың бәрі майданға кетіп, ауылда кәрілер, әйелдер, балалар қалған, жұмыс күші тапшы еді. Ауылда жасөспірім Қани істемеген жұмыс болмады. Соқаның атына мінуден бастап бөлімше басқарушысына дейінгі жолдан өтті. Соғыс жылдары таңның атысынан күннің батысына дейін егістікте, фермада еңбек етті. Сол кезде он үш-он төрт жастағы Ризабек Тоқтаубаев, Сая Құмарғажин, Сейітхан Дәуітбаевтар соқа ұстаса, олардан бір-екі жас кіші Сейітзада Ластаев, Фазыл Ниғыметовтармен бірге соқа атына мінді. Егін орағы кезінде әйелдермен бірге бау байлады. Сондағы табыстары – үш уақыт ішетін зәтірке көже, қара нан немесе қарма. Оны да норманы орындағандар ғана толық алатын. Соғыс жылдары майданға кеткендердің орнын басып Мағрипа Әбішова тракторшы болды. Қапиза Қабидолдақызы, Нүрипә Дәріпова, Қатипа Әлдекина, Нұрзағила Оразбаева, Қадиша Сейілханова тіркеуші, отаушы, шалғышы сияқты ауыр жұмыстарға жегілді.
Катонқарағай ауданынан майданға аттанған 3500 азаматтың жартысына жуығы қайтпады. Басына қайғының қара бұлты үйірілмеген шаңырақ кемде-кем. Пошта тасушылар майдангерлер үйлеріне қара қағаз апарып, рухани жүдеп жүрді.
1946 жылы он бес жастағы Қани Мерғазинді колхоз басшылары Үлкен Нарын ауданындағы механизаторлар мектебіне оқуға жібереді. Мұнда ол осы өңірден барған Құмарбек Исабаев, Төлеухан Қатшыбаев, Есдәулет Нұрғалиев, Аман Рамазанов, Қайырбек Төлемісовтермен бірге кәсіп меңгереді. А.Созонтов басқаратын мектептің жанында қазіргідей жатақхана болмағандықтан шеттен келген балалар үй жалдап тұратын. Қабырға ауылынан барған Қ.Мерғазин мен Қ.Төлемісов те бір орыс кемпірдің тамын сағалайды. Суық үйде жартылай аш-жалаңаш күн кешкен жасөспірімдер сабақтан босаған күндері Қайырбек Төлемісовтің Көктеректе тұратын жездесі Дүйсебайдың үйіне жаяу тартып кететін. Ұжымшарда қоймашы боп істейтін ол кісінің тұрмысы жақсы еді. Бір-екі күн жылы үйде түнеп, моншаға түсіп, тыңайып қайтатын.
Қолына тракторшы куәлігін алған күнгі қуанышы Қани ағаның есінде мәңгіге қалды. Мектеп директоры А.Созонтов курсты жақсы бітіргендердің қатарында оның есімін атай тұра «Мерғазиннен түбінде жақсы механизатор, оқуын жалғаса инженер шығады» деген. Инженер деген сөзді алғаш рет естіп, түсінбесе де қажет маман екенін сезген. Сол қуаныш Қаниға «қанат бітіріп», Қабырғаға құстай ұшып жетеді.
Ол жылдары ұжымшарларда трактор, комбайн парктері болған жоқ. Олардың техникаға деген қажеттігін «Алтай» машина-трактор стансасы қанағаттандырып тұрды. Н.Сушко деген жігіт ағасы басқаратын станцияда Қабырғадан Сейтеш Құдайбергенов, Мәлғажы Тобылов, Тұрысбек Сәрсеков, тағы басқалар тракторшы болып еңбек ететін. Солардың қатарына 1946 жылдың жазында Қани да қосылды.
Ол кезде Қабырға ауылы «Молотов ұжымшары» аталатын. Оны Рамазан Мусин көп жыл басқарды. Ол көптің тілін тауып, жұмысты жүргізе алатын. Сол кісіден Қани ағамыз көп нәрсені үйренеді. Ұжымшар иелігінде мың гектардай жыртылмалы жер болды. Көктемде жер жыртып, тұқым сеуіп, күзде комбайн сүйреді. Әнуарбек Орынбаев комбайншы болды. Сол кездегі НАТИ, ЧТЗ тракторларында жарық болмады. Оған қарамастан механизаторлар түнде айдың, қол шамның жарығымен астық орып жүрді. Жоспарды орындамау деген болмайтын. Со бір ауыр жылдары Қабырғаның даласынан, «Көлден» тау-тау астық жиналатын.
Қырқыншы жылдардың соңында Катонқарағайда ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру жүргізілді. Соған байланысты Шыңғыстай, Жаңаүлгі, Қабырға ауылдары бірігіп, «Молотов» аталды. Жаңадан құрылған ірі шаруашылықтың басшыларын, мамандарын тағайындау кезінде Н.Сушко бригадирлікке Мерғазинді ұсынады. «Жаспын, тәжірибем аз» дегеніне қарамай, ұжымшар бастығы Қ.Райымбековпен келісіп, тағайындатып жібереді. Қани Мерғазин де амалсыз іске кіріседі. Әр механизатормен тіл табыса жұмыс істеп, мықты ұжым құрады. Жас жігіттің тракторшылар бригадасын басқарудағы іскерлігі байқалады. Ол басқаратын бригада 1953 жылы ауданда ең жоғарғы еңбек көрсеткішіне жетіп, астық оруды 101 пайызға, жемшөп дайындауды 145, күздік бидай себуді 127, сүдігер жыртуды 104 пайызға орындап, 822 келі жанармай үнемдейді. Осы еңбегі үшін 22 жастағы бригадир облыстық атқару комитетінің грамотасымен марапатталады. Бұдан кейінгі жылдары да Мерғазин басқарған бригада жетістіктерін кемітпейді. Бұған 1956 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А. Изачиктің оны Өскеменге шақыртып, сыйлық ретінде сатып алуға кезектен тыс «Москвич» көлігін бөлуі дәлел.
Іріленген колхозда үш мың гектар егістік болды. Соны механизаторлар бригадасы небәрі сегіз трактормен өңдеп жүрді. Колхоз бастығы Қ.Райымбеков те іскер болыпты. Ол бір-екі жылда шаруашылықты алдыңғы қатарға шығарып, колхозшылардың тұрмысын жақсартты.
Жиырма екі жылдық бригадирлік қызметінде Қ.Мерғазин көптеген басшылармен істес болып, олардан да тәжірибе алды. Олардың ішінде ұзақ жыл «Алтай» совхозының Жаңаүлгі бөлімшесін басқарған Тоқтаған Тайсариновтың орны ерекше. Ол дауыс көтеруді білмейтін, салмақты да парасатты жан еді.
1975 жылы аудан басшылары Қ.Мерғазинді Катонқарағай кеңшарының Жамбыл бөлімшесін басқаруға жібереді. Бұл міндетті ол бес жыл абыроймен атқарады. 1980 жылы ауданға егістікті суаратын «Волжанка» агрегаты келгенде онымен жұмыс істей білетін маман керек болады. Басшылардың таңдауы тағы да Қ.Мерғазинге түседі. «Алтай» совхозының екінші бөлімшесіне бригадир болып келген ол екі аптада Қабырға даласына агрегаттарды орнатып, оған Катон өзенінен су бұрып, жұмысты жүргізіп кетеді. Эспарцет пен тимофеев тұқымды көпжылдық шөп егілген шабындық бір жазда екі рет өнім берді. Бұл- совхозға Қабырға ауылында мал азығын өңдеу цехын салып, оның жанынан ірі қара мен жылқы бордақылау алаңын ашуға мүмкіндік берді. Егістіктер мен шабындықтарды суару жұмысын қалыпты жағдайға келтіргеннен соң Қ.Мерғазин шаруашылығы шатқаяқтай бастаған Каменка (Мойылды) кешенді бригадасына жіберіледі. Мұнда ол төрт жыл міндетін абыроймен атқарып, отбасы жағдайына байланысты өз еркімен қызметтен босап, біраз уақыт жүргізуші болады. Кейін зейнет демалысына шығады.
Марқұм Қ. Мерғазин «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Тыңға – 50 жыл» медальдарымен марапатталған. Сонымен бірге, ол еңбек озаты ретінде 1967 жылы Мәскеуде өткен халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысқан болатын.
Жәнібек Қызыр, Катонқарағай ауданы.