ТОП

ЖАСТАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК ТУДЫ

Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүзеге асырылып келе жатқан «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін ұзартып, аталған жобаларға қатысушылардың еңбекақысын көбейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын. «Жоғары оқу орны, колледж түлектері, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүргендері бар. Кейбіреулері табыс іздеп, заңнан аттауы мүмкін», –  деген Мемлекет басшысы жұмыссыз жастарға жұмысқа тұруға жағдай жасау қажеттігін  қадап айтты.

Жобаларға өзгерістер енгізілді

2022 жылдың 11 қаңтарында  Парламент Мәжілісі отырысында берілген Президент тапсырмасы бойынша  биылдан бастап «Жастар тәжірибесі» жобасының, сондай-ақ «Алғашқы жұмыс орны» жобасының мерзімі ұзартылды. Енді жастар «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша бұрыңғыдай 6 ай емес, 12 ай тәжірибе жинақтап, жұмыс істей алады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жұмыс істеу мерзімі де  12 айдан  18 айға дейін ұзартылды.

Мемлекеттен төленетін субсидия есебінен осы екі жоба бойынша жұмысқа тұрған жастарға төленетін еңбекақы көлемі де артты. «Жастар тәжірибесі» жобасымен жұмысқа тұрғандардың ай сайынғы еңбекақысы қазір  91 890 теңге (30 АЕК) болып көбейді. Бұрын 76 575  теңге  (25 АЕК) болған. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушыларға төленетін еңбекақы да 61 260 теңгеден 91 890 теңгеге көтеріліп,  20 АЕК-тен 30АЕК-ке дейін өсті.

«Жастар тәжірибесі» жобасына оқу орындарын бітіргеніне үш жылдан аспаған және жасы 29-дан аспаған оқу орындарының түлектері қатыса алады. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасына NEET санатындағы, тжірибесі жоқ, яғни, не оқу оқымайтын, не жұмыс істемейтін, не өзге істермен айналыспайтын жастар қатыса алады.

Бұл – жастардың дамуына бағытталған үлкен қолдау.  Бұрынғы жобаларда жұмыс істеу мерзімі аз болатын. Биылдан бастап бірнеше өзгеріс енгізіліп, жұмыс істеу мерзімі  бір жылға және  18 айға дейін ұзартылды. Бір жыл аз уақыт емес. Бұл мерзім аралығында таңдаған салаға төселіп, қыр-сырын меңгеруге әбден болады дейді осы жобаларды үйлестіріп отырған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мамандары.

“Алғашқы жұмыс орны” күтіп тұр

Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша 2022 жылдың бірінші тоқсанында облыста жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайызды (2022 жылғы жоспардағы болжамды жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайыз. 2021 жылдың  қорытындысы бойынша жастардың жұмыссыздық деңгейі 3 пайызды құраған)   құраған.

Жұмыспен қамту органдарының өкілдері кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобада (әрі қарай «Ұлттық жоба») басымдық беріліп отырған 29 жасқа дейінгі жастарды, жұмыссыз жастар мен 9, 11 сынып түлектерін, колледж, жоғары оқу орындары түлектерін, жетім балалар, тағы да басқа санаттағы жастарды жұмысқа тұрғызу бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп келе жатқандығын айтады.

Аталған ұлттық жоба аясында техникалық, кәсіптік мамандықтар иелерін даярлау, нарықта сұранысқа ие кадрларды қысқа мерзімде оқытып шығару, тәжірибе беру, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, бизнес бастамаларға гранттар беру, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жастар тәжірибесін ұйымдастыру, қоғамдық жұмыстарға қатысу, «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатысу тәрізді жастардың жұмыс табуына мүмкіндік туғызатындай сан түрлі бағыттар қарастырылған. Аты айтып тұрғандай, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы оқу бітіріп, жұмыс іздеп жүрген жастардың жұмысқа тұруына ықпал етуге арналған. Жұмыс берушілердің толып жатқан талаптарынан кейін тауы шағылып, кері қайтатын жастардың  осы жоба арқылы жұмыс табуына,  тәжірибе жинап, өздерін көрсетіп, тіпті, құнды кадрлардың қатарына қосылуларына да мүмкіндіктері бар. «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатысып, жұмысқа тұру үшін жастар жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарына бару керек.

Жалпы, облысымызда  2022 жылдың шілде айына дейін жұмыспен қамту органдарына  3 700 жас жүгініп, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған  ұлттық жобаға қатысқан болса, солардың 2 516 сы (жүгінгендердің 68 пайызы) жұмысқа орналасқан көрінеді.  Соның ішінде жұмыссыз жастардың 1 489 ы ( жұмысқа тұрғандардың 59 пайызы) тұрақты жұмысқа орналасқан. Субсидияланатын жұмыс орындарына 1 141 адам  ( жұмысқа тұрғандардың 45 пайызы) тұрған.

Қазіргі күні   жаппай кәсіпкерлікті дамыту және нәтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек»     бағдарламасы аясында 2018 және 2021 жылдар ішінде еңбек нарығы сұраныстары негізінде техникалық және кәсіби білім алу мақсатында  оқу орындарына түскен жастар мамандық алуда.   2022 жылдың басындағы мәлімет бойынша,     6613 жас оқуын жалғастырып жатыр,  маусым айындағы  жағдай бойынша  2017 адам оқуын аяқтап, жаңа мамандық алған, соның ішінде  526 адам мерзімінен бұрын бітірген. Бітірген түлектердің 94 пайызы немесе 1900 адам жұмысқа тұрған.

Биыл ұлттық жоба бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқытуға 1415 (барлық санаттағы азаматтар) адам қабылданбақ. Олардың 973-і жұмыс берушілердің сұраныстарымен оқытылатын болса, жұмыс берушінің жұмыс орнында 442 адам, сондай ақ 1 600 адам онлайн түрінде оқытылмақ.

1 шілдедегі жағдай бойынша 689 адам қысқа мерзімдік оқытуға  (соның ішінде жұмыс берушілердің сұранысымен 589 адам жоғары оқу орнында, 100 адам жұмыс берушінің жұмыс орнында) жіберілген.  Олардың 150-і жастар. enbek.kz платформасында  502 адам қажетті тәжірибе жинақтап, біліктіліктерін жетілдірген, олардың  120-сы жастар.

Жұмыссыз жүрген жастардың ішінде кәсіпкерлікпен айналысып, кәсібін бастап жатқандар да көп. 2022 жылы жұмыссыз жүрген және өздерін өздері жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға 1 394 млн. теңгенің 1138 гранты берілмек. 581 грант жастарға беріледі. 1 шілдедегі жағдай бойынша жастарға 8,6 млн. теңгенің жеті гранты берілген.

Биыл  «Субсидияланатын жұмыс орындарын құру арқылы кәсіпкерлерді қолдау» жобасымен жастар тәжірибесіне 714 жұмыссыз жас, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 132 жас,  «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына   38 жас қатысады. Биыл субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 884 жұмыссыз жас тартылмақ .

2022 жылдың шілдесіне дейін бюджеттен субсидияланатын жұмыстарға  1057 жас қатысқан. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 99; жастар тәжірибесіне – 178 ; қоғамдық жұмыстарға – 831; «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 31 ; «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына екі адам.

2022 жылдың шілдесіне дейін облыстың қалалары мен аудандарындағы жұмыспен қамту органдары арқылы 95 мамандық жәрмеңкесі өтіп, оған 3193 адам қатысқан болса, соның  1 113-і жастар. Жұмыс іздеп келгендердің 53-і тұрақты жұмысқа,  58-і қоғамдық жұмысқа,    55-і «Жастар тәжірибесіне»,   18-і жаңа мамандыққа оқытуға жіберілген.

Қор гранттар береді

 “Қазақстан халқына” қоры “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының білім беру гранттары” қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыру аясында гранттар мен шәкіртақылар беруге конкурс жариялады. Қор бакалавриат бағдарламалары бойынша жоғары білім алу ақысын төлеу үшін мемлекеттік немесе өзге грант ала алмаған ауылдық жерлердегі жағдайы төмен отбасылардан шыққан түлектерге, жетім балаларға және мүгедектігі бар балаларға шәкіртақы төленетін гранттар береді.

“Қазақстан халқына” қоғамдық қорының гранттары мен шәкіртақысына үміткерлер (түлектер) өзі таңдаған жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) қабылдау комиссиясына 10 тамыздан бастап 17 тамыз аралығында өтінім тапсырады. Бағдарлама 2022-2023 оқу жылында жүзеге асырылады.

ЖЖОКБҰ комиссиясы арқылы өткізілетін конкурстардың қорытындылары бойынша “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының білім беру гранттары мен шәкіртақысын беру үшін бағдарламаның қатысушыларын іріктеу шарттары:

1) ҰБТ тапсырған және ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін қажет өту балын жинаған түлектер:  ауылдық жерлердегі жағдайы төмен отбасылардан шыққан тұлғалар; жетім бала санатына жататын және кәмелеттік жасқа дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғалар; мүмкіндіктері шектеулі, соның ішінде мүгедектігі бар тұлғалар.

2) ЖЖОКБҰ студенттерінің арасында өткізетін конкурстардың қорытындылары бойынша қордың гранты мен шәкіртақысына үміткер бағдарлама қатысушыларын іріктеу шарттары: мүмкіндігі шектеулі, соның ішінде мүгедектігі бар студенттер;  жетім бала санатына жататын және кәмелеттік жасқа дейін ата-анасының қамқорынсыз қалған студенттер; ауылдық жерлердегі жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттер;  толық емес отбасыдан, 1 және 2 топтағы мүгедек балаларды тәрбилеп жүрген отбасыдан шыққан студенттер;  ата-аналары/ата-анасының бірі 1 және 2 топ мүгедегі болып табылатын студенттер.

Шәкіртақы төленетін грант бағдарламаның аясында шарт жасалған сәттен бастап бакалавриат бағдарламалары бойынша толық оқу кезеңін қамтиды. Оқу құны бойынша шектеме әрбір грант алушы студент үшін 1 млн. теңге мөлшерін құрайды. Егер студенттің жылдық оқуының құны 1 млн. теңгеден артық болса, онда 1 млн. теңгеден асатын айырмашылықты грант алушы студенттің өзі төлеуі тиіс.

Жанаргүл Мұқатай

 

Осы айдарда

Back to top button