Қоғам

Жастарға арналған жаңа жоба

Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастарға қолдау көрсету мақсатында қолға алынған жобалардың қатары көп. Ел егемендігінің отыз жылдығына орай жастарға арналған жаңа жобалар басталмақ. Олар – «Тәуелсіздік ұрпақтары»  және «Профнавигация»  деп аталады.

Жобаның мақсаты – жастардың еңбегін бағалап, оларға жігер сыйлау арқылы өз ортасында танымал ету. Өнерімен өрге жүзген жастарды өзгеге үлгі ету. Өйткені елдің болашағы жастардың қолында екені түсінікті. Қазіргі таңда елімізде 14-29 жас аралығындағы 3,7 млн азамат бар екен. Бұл жалпы халық санының 20,2 пайызына тең.

– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттар шеңберінде Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жас қазақстандықтарды танымал ету мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы басталды. Сондай-ақ заманға сай сұранысқа ие мамандықтардың дағдылары мен құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған «Профнавигация» жобасы басталғанын мәлімдеймін, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов.

Жалпы еліміз соңғы жылдары жастарға гранттар беру арқылы алға қойған мақсаттарының орындалуына ықпал жасап келеді.

Ал осыған дейін жастарға арналған «100 жаңа есім» жобасы өткен болатын. Президенттің қатысуымен өткен іс- шарада жеңімпаздар марапатталып, өз саласының озаттары өзгеге үлгі болған еді. Енді басталып жатқан жобаның да жастарға берері көп болмақ. Егемен елімізде жеңімпаз атанам деген жастарға жол ашық, мүмкіндік бар.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button