Қоғам

Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелемек

Ержан Әбіш

Кеңес әскері сапында Отан алдындағы борыштарын Германияда өтеген бір топ интернационалист-жауынгерлер Өскеменде бас қосты. Ардагерлер Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, өзара пікір алмасты, алдағы жұмыс жоспарын пысықтады.

– Біздер екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Батыс елдерінде әскери борышымызды өтедік. Басқосудағы мақсатымыз – Ұлы Отан соғысындағы батыр аталарымыздың рухын ардақтау, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру. Осы бағытта мектептерде, жоғары оқу орындарында тиісті тәрбие жұмыстарын атқарып келеміз. Ал бүгін облыстық ардагерлер ұйымының мүшелері өзара пікір алмасуға жиналдық, – деді Германиядағы Кеңес әскерлері тобы және Варшава келісімі әскерлері тобы ардагерлері облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Секен Мұхамәдиев.

Ардагерлердің айтуынша, қоғамдық ұйымның Шығыстағы бөлімі енді ғана құрылып отыр. Десек те, белді мүшелерінің саны қазірдің өзінде жетпіске жеткен. Республикалық қоғамдық бірлестік кеңсесі астанада орналасқан. Алдағы уақытта олар жүйелі түрде бас қосып, жаңа Қазақстанның жас толқынын бірге тәрбиелеуге, ардагерлердің түрлі әлеуметтік мәселелерін шешуге өз үлестерін қоспақ.

Жиында бірқатар белсенді ардагер медальдармен марапатталды. Филиал төрағасының орынбасары болып Кенжехан Қожин, ал штаб бастығы болып Ерлан Байсалбаев сайланды.

Осы айдарда

Back to top button