Қоғам

Jastar Talks форматында кездесті

Балауса ҚОЖАЕВА

Өскемен жұртшылығына рухани азық сыйлап жүрген Байжігіт атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі 2001 жылы құрылған және сол уақыттан бері өнерпаздардың орындауындағы ұлттық әуендер көптің көңілінен шығып келеді.

Пандемия кезінде де өз тыңдармандарын сағындырмай онлайн концерттер өткізіп, түрлі бейнебаянмен халықты құттықтап жүр. Иә, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген оркестрдің қатары жыл сайын жастармен толығып келеді. Бұл туралы өңіріміздің жас өнерпаз жастармен өткен кездесуде айтып берді.

Жастар ресурстық орталығы мамандарының ұйымдастыруымен оркестрде өнер көрсетіп жүрген өнерпазбен Jastar Talks форматында кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында ұлттық өнерді насихаттау, қазақ ұлттық оркестрі жайлы ақпарат беру. Ерекше форматтағы кездесу тікелей эфирде өтті. Сырлы сұхбат алаңында болмағандар үшін орталық мамандары арнайы бейнеролик түсірген. Әлеуметтік желіде отырғанда жастар орталығының ресми парақшасына кіріп қалсаңыз, сұхбатты тамашалай аласыз.

–    Оркестрге келгелі бір жылдан аса уақыт болды. Бір қуанарлығы, өнерлі жастардың қатары көбейіп келеді. Консерватория тәмамдаған жастарға шақырту жіберіп жатырмыз. Ұлттық өнерді халыққа насихаттау – ең үлкен жауапкершілік деп білемін. Сондықтан да осы бір жауапкершілікті абыроймен атқаруға барымызды салып жүрміз, – дейді талантты жас Ерасыл Оспанов.

Төрт жасынан бастап домбыраны қолға алған Ерасыл өнерге қадам басқан жастардың тек дарынды ғана емес, сонымен қатар еңбекқор болғанын қалайтынын жеткізді.

Айта кетейік, алдағы уақытта да  Jastar Talks форматында кездесулер мен диалогтар өтетін болады.

Осы айдарда

Back to top button