Руханият

Жастар – ел болашағы

Жастарды рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеу азаматтық қоғамды дамытудың маңызды бір бағыты.

Ұлт болашағы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Біздің ата-бабаларымыз қалдырған дәстүрлерді, мәдениет пен өнерді мұқият сақтау – солардың қолында. Осы баға жетпес байлықтың мұрагерлері және елді одан әрі өркендетуге бағытталған игі істердің жалғастырушылары – жас ұрпақ өкілдері.

Жиырмасыншы ғасырдың басында саяси аренаға белсенді түрде шыққан қазақ зиялыларының басым бөлігі жастар болатын. Алғашқы «Бірлік» қазақ жастар ұйымы басшыларының бірі Смағұл Сәдуақасов болды. Қозғалыс 1914 жылы Омбыда қазақ халқын мәдениетке, әдебиетке және адамгершілік құндылықтарға баулу, сондай-ақ жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу және ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында ұйымдастырылды.

Кезінде «Алаш» партиясына деген сенімін сол дәуірдің көрнекті өкілі, әлемге әйгілі ақын Мағжан Жұмабаев білдіріп, «Мен жастарға сенемін!» өлеңін жазды.

Атап өтерлігі, жастар қозғалысының жетекшілері медресе мен олардың діни тәлімгерлерінің ықпалы арқасында ұлттық қаһармандарға айналды. Алаштықтар ерте жастан адамгершілік пен руханият арнасында тәрбиеленді және өз халқының игілігі үшін қызмет етуге дайын болды.

Бүгінде де дін өкілдері жастардың адамгершілік тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуде.

Қазіргі уақытта елімізде үш мыңға жуық мешіт бар. Бір қызығы, оларға баратын сенушілердің көпшілігі – жастар. Олар имамдарға ақыл-кеңес алу үшін барады, үнемі дәрістер тыңдайды.

Имамдармен сөйлескеннен кейін көптеген қиын жасөспірімдер түзу және адамгершілік даму жолымен жүре бастайды. Діни қызметкерлер азаматтық қоғамда туындайтын сан алуан мәселелерді шешуге де көмектеседі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерінің қызметі ұлтты біріктіруге, имани сау қоғамды қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Атап айтқанда, мешіттерде жастарға дәстүрлі діни ағымдар туралы баяндалатын дәрістер өткізіліп, оларды деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуден сақтандырады.

Сонымен қатар дін қызметкерлері өскелең ұрпақты өз үлгісімен тәрбиелеп, мұқтаж отбасыларға жан-жақты көмек көрсетеді және соның нәтижесінде жас еріктілердің, оның ішінде «Мектепке жол» акциясы және басқа да қайырымдылық іс-шараларына қатысатын волонтерлардың саны жыл сайын артып келеді.

Мұхаммед пайғамбардың дана сөздері жинақталған хадисте: «Алла үшін ең сүйікті адамдар – олардың ішіндегі ең пайдалылары» делінген.

Еліміздің әл-ауқаты үшін әркім өз үлесін қосып, өз ісінде пайдалы болуы керек, мәселен, студент  оқуда, маман  кәсіпте пайда әкелуі, ал қоғам баршаны ізгі мақсаттарға жұмылдыруы тиіс. Абай айтқандай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап…».

Біздің әрқайсымыз бұл әлемді жақсарта аламыз. Оны өзімізден бастауымыз керек, атап айтқанда, туған жерді қадірлеп, рухани әрі адамгершілік тұрғыдан кемелдену үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет.

(Мақала облыстық  дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді.)

Осы айдарда

Back to top button