Қоғам

Жасөспірімдер екпе алып жатыр

Айна Ескенқызы

Облыста үшінші күн жасөспірімдерді, жүкті әйелдер мен бала емізетін жас босанған аналарды КВИ-ге қарсы вакциналау жүріп жатыр. Үш күн ішінде осы аталған санаттарға жататын 1900-ге жуық адам екпе алды.

Өскемен қаласында «Pfizer» екпесін он үш емханада салады. «Вита-1» ЖШС-нің директоры, емхананың бас дәрігері Рая Жанғалиқызының айтуынша, медициналық ұйымның персоналдары «Pfizer» вакцинасын салудың қыр-сырын жан-жақты меңгерген.
– Емхананың акушер мамандары, балалардың медбикелері, педиатрлар мен психологтары жасөспірімдер мен жүкті әйелдер және жас босанған аналарға коронавирусқа қарсы «Pfizer» екпесін салу бойынша бірнеше рет сабақтарға қатысып, біліктіліктерін шыңдады. Офлайн да, онлайн да семинарларға қатыстық. Осы топтағы пациенттеріміздің әрқайсымен әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарын әлі де жүргізіп келеміз. Бұл жерде оларға екпе салудың артықшылықтарын жеткізе айтуға тырысамыз, ал шешімді әркім өзі қабылдайды. Менің емханамда біреулерді мәжбүрлеу деген болмайды. Әсіресе жасөспірімдермен жұмыс істегенде мұқият болуымыз керек. Біз әңгімелескен пациенттеріміздің бәрі дайын деп айта алмаймын. Әсіресе психолог мамандардың қызметі өте қажет осы жерде. Балалардың да, жүкті әйелдердің де көңіл-күйлері аумалы-төкпелі болып тұрады. Оларға дұрыс түсіндіріп, психологиялық тұрғыдан дер кезінде қолдау көрсете білу өте маңызды. Бір байқағаным, тұрғындар арасында екпе туралы ақпараттық сауаттылық әлі де төмен екен. Адамдарға жан-жақты түсіндіру жұмыстары әлі де ақсап жатыр, – деді Рая Жанғалиқызы.
Алғашқы күні аталмыш емханада он екі жасөспірім алғашқылардың бірі болып өздерін ковидтен вакцина арқылы қорғауға бел буыпты. Қазір осы жерде тіркелген, вакцина алуға жататын 200-ден астам 12-18 жас аралығындағы жасөспірімнің алпысының ата-анасы баласына екпе салдыруға келісімін беріп отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қазір аудандарға да «Pfizer» препараты тасымалдаудың барлық нормалары мен талаптарын сақтай отырып жеткізілді. Мысалы, алғашқы лекпен Күршім ауданына 540 доза вакцина жетті. Барлық медицина ұйымдары екпе салдырғандар үшін әртүрлі акциялар мен ұтыстар ұйымдастырып жатыр. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.
Естеріңізге сала кетейік, «Pfizer» екпесін еліміз бойынша тек 12 мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер ата-аналарының, заңды өкілдерінің келісімі арқылы, жүкті әйелдер мен жас босанған аналар өз шешімдері бойынша алуға құқылы.

Осы айдарда

Back to top button