Қоғам

Жасақтар жұмысқа кірісті

Азамат Темірбеков

Зайсан ауданының жастарынан құралған «Жасыл ел» жасақтары қала ішін абаттандыру жұмыстарына жұмылды.

Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұртас Сақарбековтің хабарлауынша, бүгінгі күні «Жасыл ел» жасақтары қатарына енген 16 жас маусым айының алғашқы аптасынан бастап абаттандыру жұмыстарына кірісіп кеткен көрінеді.

– Олар қазіргі уақытта қала ішіндегі саябақтар мен көше шеттерін, басқа да көпшілік демалатын қоғамдық орындардың арамшөбін жұлу, тазалау және гүл егу сияқты жұмыстарын атқаруда, – дейді Нұртас Сақарбеков. – Жалпы, биыл біздің ауданға «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша отыз орынға квота бөлінген. Оның бірінші легі айтып өткеніміздей, жұмыстарын істеп жатса, қалған 14 сарбаз осы лектің жұмыстары аяқталған соң іске кіріседі.

Көпшіліктің «балаларды 14 жастан алуға болмас па екен?» деген сауалына жауап берген орталық директоры балалар аталмыш бағдарламаға тек 16 жастан бастап қана қатыса алатынын атап өтті. Өйткені осы жаста қолына жеке куәлігін алған бала өзіне банктен жеке шот аштырып, еңбекақысын сол шотқа түсірте алады. Сондай-ақ биылдан бастап «Жасыл ел» жасақтары қатарындағы жастардың еңбекақыларының да қомақты екенін алға тартқан жауапты тұлға толық жұмыс күн істеген жастардың жақсы жалақы алатынын айтты.

– Біз бұл бағдарлама аясында бұдан бөлек, түрлі спорттық және қайырымдылық іс-шараларын да өткіземіз. «Жасыл ел» жасақтары ауданымызда көптеген қайырымдылық істерге жұмылдырылып тұрады. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен Көгедай ауылының тұрғындарына да осы «Жасыл ел» жасақтары барып қол ұштарын созған болатын, – деді Нұртас Сақарбеков.

Осы айдарда

Back to top button