Қоғам

Жас ұланы жарқын елдің…

«Жаңа Қазақстанымызда балаларымызда бақытты балалық шақ болсын. Көк тудың астында уайымсыз өмір сүрсін!» – дейді   жерлесіміз, балалар жазушысы Кәмшат Әбілғазықызы.

 Асық ойнайық!

Ал  балалар, алаңға шық,

Алаңға шық алшаң басып.

Ұпайыңды көбейт, қане,

Иір-иір асық атып.

Алшы, тәйке, бүк, шік түсіп,

Ойна ұлан асық тізіп.

Ұлттық ойын аздырмайды,

Жүргендерің абзал біліп.

Сақа асықты  сартылдатып,

Омпы түсір атқылап тік.

Алда болар шеберлігің,

Көздей білсең оңқайлатып

Кемпірқосақ!

Қызыл , жасыл, көгі бар,

Аспанның мұндай, мөрі бар.

Жаңбырдан соң шығады,

Көрмесеңдер көріп ал.

Кемпірқосақ   –  әдемі,

Жіберген аспан әлемі.

Жаңбыр жауып  бітті деп,

Бізге белгі береді.

 

Болар елдің баласымыз!

Еркін елдің жас қыраны,

Болашақтың батырымыз.

Біз келешек ұландары,

Ер жетуге асығамыз.

Жас ұланы жарқын елдің,

Білім-білік бағытымыз.

Қазақстан – Отанымның!

Жарқырайтын жақұтымыз!

Жеткіншегін жетелейтін,

Болар едің баласымыз.

Сынақтарда төселетін,

Биіктермен таласамыз.

 

Қайыры таң, балалар!

Қайырлы таң балалар, қайырлы таң!

Жолдап жатыр күн бізге жалынды ән.

Қандай ғана тамаша,  айтыңдаршы,

Жарқырайтын аспанда күнім болған!

Қайырлы таң, балалар, оянайық.

Жарық күнге қарашы,  шын ғажайып!

Сәулесіне малынып, жылуынан,

Бойымызға бұладай күш жияйық!

 

Батыр боламын!

Таудай биік талабым,

Білім нәрін аламын.

Өскен кезде атамдай,

Мен де батыр боламын.

Елдің нулы орманын,

Өзен-көлін, суларын.

Қорғай алам, себебі,

Шекарашы боламын!

Осындай бар арманым,

Маған ыстық – Отаным!

Әзір ағам  күзетсін,

Мен оқушы баламын.

 

Арманыңды жоғалтпа!

Арман деген не дейсің бе?

Арман  –  қанат ұшатын.

Үлкендер де білесің бе?

Армандайды күнбе-күн.

Әр балада арман болсын,

Жетелейтін ұзаққа.

Ойлағаның орындалсын,

Арманыңды жоғалтпа!

 

Жердің төрт қызы

(ертегі өлең)

Бойжетіп гүлдей құлпырған,

Қызығар көрген сыртынан.

Жыл дейтін шалдың үйінде,

Төрт қызы бопты бір туған.

Үй ішін сылап-сипауды,

Өздері бірден қолға алды.

Төртеуі де пысықсып,

Ерегесуден де таңбады.

Тамақты жасау үшін де,

Таласты әрбір ісінде.

Ақылға келмей айғай-шу,

Ұлғайғаны білінді.

Қыс бике келіп қатырып,

Мұз етіп қойды ауланы.

Жаз келіп суға батырып,

Жаңбырға малды орманды.

Күз болса жидек қайнатып,

Жапырақпен жатты жайратып.

Көктем де қалыс қала алмай,

Гүлдерін екті жайнатып.

Мазасы кетіп құстардың,

Шатасты көбі аңдардың.

Күйісі келмей  қиналды,

Жердегі барлық жандардың.

Жиналып аң да, адам да,

Арызбен келді Жер шалға.

– Еркелеп жатқан қыздарға,

Тыйым айтуға болмай ма?

Біресе еріп атырап,

Қыс келіп қайта қатырат(ды).

Таңертең көктем еді ғой,

Кешке күз жапырақ лақтырат(ды).

Жер болса қатты ойланды,

Сақалын сипап толғанды.

Шапанын жауып желбегей,

Аса таяғын қолға алды.

– Қыздарым! –  деді асықпай,

Тыңдаңдар мені даурықпай.

Мазасын алмай өзара,

Шешейік дауды толықтай.

Көңілді қызым  –  Көктемім,

Желекке жапқан бөктерін.

Үш айды саған беремін,

Көктесін жерге еккенің.

Жаз дейтін қызым – жайдарлым,

Ағылсын барлық кайнарың.

Саған да үш ай беремін,

Жылуың жерді жайнатсын.

Алтындай қызым – Күзімсің,

Жемісің пісіп, үзілсін.

Саған да үш ай берейін,

Шеберлігің кең білінсін.

Ақ үлпе Қысым  –  әппағым,

Ағартып бәрін тастадың.

Саған да бердім үшеуін,

Желтоқсан, Қаңтар, Ақпаның.

Қол соқты халық қуанып,

Қалмады қыздар бұлданып.

Дөңгелеп төрткүл дүние,

Жер беті кетті жанданып.

Осылай Жердің төрт қызы,

Төрт мезгіл болып келеді.

Ақылды шешім осы ғой,

Бізге де осы керегі.

 

Кітап пен планшет

Бір күні үстел бетінде,

Жолықты планшет кітаппен.

Үнсіздікті  бұзып кіл,

Сөз басталды сұрақпен.

-Сіз кімсіз?

Қай жылғысыз?

Қызықсыз екен тұрқыңыз.

Түсіне алмай тұрмын мен,

Қай фирмадан шықтыңыз?

Салмақтап сөзін бастады,

Әңгімеден де қашпады.

-Кітаппын! -деді нақтылап,

Сілкініп қабын қозғады.

Планшет болса паңданып,

Ұшардай болып қомданып.

– Осындай ескі-құсқыны,

Кім әкелді -деді бұлданып.

– Шаң сасып қайдан келдіңіз,

Түріңіз сондай сенімсіз.

Білгісі келер деректі,

Менен-ақ іздеп біліңіз.

-Қарағым,- деді дауыстап, –

Қалмадым елден қалыс қап.

Айтарың болса айта бер,

Ойым жоқ сенімен алыспақ.

Сөздік қор менде жетеді,

Ой айтар болсам келелі.

Есі бар ұрпақ өзіне

Не керектігін біледі.

– Әдемі менің түрім де,

Мен ғажаппын бүгінде,-

Шіреніп планшет кітапқа-

Керегің жоқ,-деді – еліңе.

Сол кезде келіп иесі,

Планшетті алды қолына.

Қуаттап алмақ ойымен,

Қосылды келіп тоғына.

Жарқ еткен дыбыс естілді,

Иесі үнсіз күрсінді.

Өртеніп кеткен планшет,

Кітапта оны түсінді.

 

Әріптер таласы

Сыныбында әріптердің

Қақтығыс,

Кезек үшін болып жатты қатты ұрыс.

Естіп шуды дәліз жақтан

Әліппе,

Апыл-ғұпыл кіріп келді асығыс.

-Бұл не деген бассыздық, –деп қаттырақ,

Дауысында қатты ашу жоқ бірақ.

Мәселені түсінем деп сөйледі,

-Тұрыңыздар, бәрің қәне сап құрап!

Ал әріптер тағы шулай жөнелді,

Даудың басы болған еді көлемді.

«А» әрпіне бастау алған кезекті,

«Н» әрпі бұзбақ екен себебі.

– Таласудың қажеті не, әріптер?

Қателікті жасадыңдар өрескел.

«А» әрпінің орны бөлек,

Жол басшы,

Еңбегі зор әліпбиде, сонны ескер!

«Н» әрпі де қажет біздің ауылға,

Бағалысың, тұрсаң өздік орныңда.

Оқушының ойын бөлмей сан-саққа,

Әрбір әріп жүрсін,-деді – жолында.

Осылайша тынышталды әріптер,

Сөзді ұқты, саралады шамасы.

Әліппе ол- әріптердің ордасы,

Сауатты тіл, саналы ұрпақ анасы.

Осы айдарда

Back to top button