Қоғам

Жас құтқарушылар бәсекесі

Облысымызда жергілікті атқарушы билік органдарының және құтқарушылардың атсалысуымен ерекше іс-шара өтті. Атап айтсақ, Өскемендегі №7 өрт сөндіру бөлімінде жас құтқарушылар мен өрт сөндіру мектептері арасында тартысқа толы жарыс ұйымдастырылды.

Бала кауіпсіздігі – бала тәрбиесінің маңызды бөлігі. Жазғы демалыс уақытында қайғылы оқиғалардың алдын алу  мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары балаларға түрлі апат кезінде өзін қалай ұстау керектігін және қандай ережелерді бұлжытпай орындау қажет екенін үйретуде.

– Бүгінгі турнирді Қазақстандағы балалар жылына орайластырып өткізудеміз. Осы бір іс-шара арқылы біз көптің назарын балалар қауіпсіздігі мәселесіне аударғымыз келді, – дейді облыстық білім басқармасының «Дарын» орталығы директорының орынбасары Елена Шимина.

Бұл жолғы жарысқа 150-ден астам оқушы қатысты. Балалар шартты өртті сөндіре отырып түрлі кедергілері бар жарыс жолын еңсеру, алғашқы медициналық көмек көрсету және кауіпсіздік постерлерін әзірлеу сияқты турларда өзара мықтыны анықтады.

– Балалар жасақтарының жарыстары 15 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Бірақ биыл жаңаша сипатқа ие, өйткені 2022 жыл елімізде Балалар жылы деп жарияланғанын білеміз. Мұндай іс-шараларды өткізудегі басты мақсат – балаларды жастайынан төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге дағдыландыру, – деп атап өтті қалалық ТЖ басқармасының аға офицері Валентин Литвиненко.

– Бүгін алған білім болашақта бәрімізге пайдасын тигізуі мүмкін. Мысалы, мен суға батып бара жатқан адамға қалай көмектесуге немесе өртті қалай сөндіруге болатынын үйрендім, – деп ойымен бөлісті байқауға қатысушы Әли Базыл.

Жарыс соңында үздік деп танылған командалар арнайы марапаттарға ие болды. Жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан №20 орта мектептің командасы көрінсе, №3 мектептің жас құтқарушылары екінші орынға табан тіреді. Ал үздік үштікті №22 орта мектеп командасы қорытындылады.

Әлифләм Нұрлан, студент

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button