РуханиятТОП

Жас оқырмандар «Көкдауылмен» танысты

Өскемендегі балалар және жасөспірімдер кітапханасында қазақ мәдениетінің қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Зайсан ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын, журналист Серік Құсанбаевтың былтыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында жарық көрген Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние» кітаптары кітапқұмар жас оқырмандарға таныстырылды.

Автордың аталған жинақтарының алғашқы тұсаукесері былтыр облыстық Пушкин атындағы кітапханада ұйымдастырылғанын оқырман Didar газеті арқылы жақсы біледі. Осы жолы Ақерке Досанова бастаған ұйымдастырушылар қос кітапты жас оқырмандарға жаңа форматта жақын таныстыруды мұрат еткен екен.

Безендірілуі алыстан көз тартатын бұл кітаптарға қаламгердің әр жылдары Didar газетінде жазған дүниелері, ой-толғамдары, танымал ел азаматтарымен болған сүбелі сұхбаттары, қоғамдағы өзекті мәселелерді тереңінен қаузаған өткір мақалалары, тағдырдан теперіш көріп, жеңіліс тапқан жандардың жан дүниесін ашқан жазбалары мен көңілге шуағын төгетін жылы естеліктері енген.

Кітапхана оқырмандарынан бөлек, С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері, журналистер, қаламгердің замандас достары мен айтыс ақындары шақырылған шара барысында автордың прозалық шығармасынан үзінділер және «Байғыз» атты тұңғыш жыр жинағынан топтама өлеңдер оқылды. Мұның бәрін кітапханадағы өлең өлкесіне жақын жігіттер мен қыздар ұйымдастырды, әсіресе «Көкдауылдағы» «Өтірік айтуға да өре керек» әңгімесінен үзінді оқыған Талант Серікханұлының әртістігі, кітапханашы қыздар Дана, Жанбота, Ақнұрдың ақын өлеңдерін оқуы, Назым Маратқызының «Қазағым» әні көпшіліктің көңілінен шықты.

Кеште кітап авторына құрмет ретінде ұйымдастырылған тосынсыйлар да аз болмады. Соның бірі – сонау 1980-ші жылдар соңында ап деп айтыс аламанына қатар түскен сәттен бастап, өмірде де, өнерде де жолымыз мәңгі ажырамасын деп серттесіп келе жатқан ақын досы, көкшетаулық ақтангер айтыс ақыны Құдайберді Мырзабектің арнайы жолдаған бейнесәлемі болды.

 Ақындар жиналған жер айтыссыз бола ма? Тарбағатайдың талантты түлегі, ақын Абаш Кәкенов пен Серік Құсанбаевтың, жас ақын інісі Серік Қуанғанның өзара жарасымды, қысқа да нұсқа шаппа-шап айтыстары да кеш бағдарламасының ажарын аша түсті. Ақынның өнеріне, отбасына қатысты үздік сұрақ қойған оқырмандарға автор кітабын қолтаңбасымен сыйлады.

Шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев, жанашыр ағасы Мұқан Ағзамов, балалық шақтағы досы әрі туысы Ерғазы Тәнжіков «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерінің Шығыстағы меншікті тілшілері Мерей Қайнарұлы, Азамат Қасым, облыстық Didar газетінің жауапты хатшысы, ақын, Тілеукен Әлжекеев «Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние» кітаптары туралы орамды пікірлерін ортаға салса, бірге істейтін әріптестері күнделікті жұмыс барысынан қызықты оқиғалар айтты. Ақынның ұлы Айбын Серікұлы да «Әкемді қаншалықты танимын» деп жылы әңгіменің тиегін ағытты.

Кеш соңында Серік Сәдуақасұлы тағылымды да мазмұнды шара ұйымдастырғаны үшін кітапхана ұжымына алғысын білдірді. Ал біз бұл кештен IT технологиялар алға шыққан бүгінгі заманда кітап оқитын, ән мен жырға құмар жастардың көптігіне қуанып қайттық.

Фото – Тілеубек Шаяхмет;

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button