ЖАС МАМАНДАР ЖӘРМЕҢКЕГЕ КЕЛДІ

Зайсанда білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен педагог кадрлардың «Жас мамандар» жәрмеңкесі өтті. Оқу орнын бітіріп шыққан жас мамандармен жүздесу, аудан мектептеріне қажетті мамандықтар бойынша жастарды тартуға бағытталған шараға 45 жас маман қатысты.
Жас мамандар жәрмеңкесіне жас мамандармен бірге Зайсан ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы, мектеп директорлары, ата-аналар да қатысты. Жәрмеңкеде аудан мектептерінің педагог кадрлармен қамтамасыз етілуі, аудан мектептеріне қажетті мамандықтар, өткен оқу жылында жас мамандарға берілген жәрдемақы, көмек, қолдаулар, бюджеттік несие туралы кеңінен айтылып, таныстырылды. Жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында Зайсан ауданындағы ауыл мектептеріне келген мамандарға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер беріліп келеді.
Жәрмеңкеде аудан мектептерінде сұранысқа ие орыс тілі, ағылшын тілі, математика, физика, биология, информатика, химия, музыка мамандықтарын бітіріп келген жас мамандармен келісімшарт жасауға, ауыл мектебіне жұмысқа тұруға ұсыныс жасалды.
Жамал Ермен